Павлодар – Қызылорда автожолында Қырғызстан азаматы құтқарылды
Қалқаман кентінің жанында жүргізушінің «DAF» маркалы автокөлігінің дизель отыны қатып қалып, стартері сынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Павлодар – Қызылорда автожолының 74 шақырымында көктайғақ пен қатты аязда қалған жолаушыға көмектескен. Қырғыз Республикасының азаматы Самат Осмоналиев көрші мемлекеттің Новосібір қаласынан өз отанына – Бішкек қаласына бара жатқан.
– Менің көлігім жүрмей қойды, өтіп бара жатқан көліктер тоқтамады. Қатты аязда күні бойы жолдың шетінде тұрып, қатты тоңып қалдым. Суық тигеннен ыстығым көтерілді, қатты тоңдым. Әрі қарай үмітім үзіле бастаған еді, сол кезде трассаны тексеріп жүріп бара жатқан полиция қызметкерлері мені көріп, тоқтап тұруымның себебін сұрады, – дейді Самат Осмоналиев.
Осыдан кейін оны полиция қызметкері Махадиге Терлуевке жеткізген. Ер адам ауырып қалғандықтан, сол жерде үш күн болған. Полициейлер қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алып беріп, емделуіне жағдай жасаған. Сондай-ақ, көлігін ауылға сүйреп апарып, стартерін ауыстырған.
– Егер полиция қызметкерлері болмаса, не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Қатты аязда маған көмектескен қазақстандық полицейлерге шын жүректен алғысымды білдіремін. Оларға зор денсаулық, жұмыста табыс, отбасыларына бақыт пен амандық тілеймін, – дейді Қырғызстан азаматы.
Жолда көлігі сынған азаматқа Павлодар облысы полиция департаменті Қалқаман кенті полиция бөлімшесінің полицейлері – полиция майоры Рустам Баянов, полиция аға сержанты Махади Терлуев және полиция аға лейтенанты Халхей Аманбол көмектескен.