Павлодар әуежайында ұшу-қону жолағы жаңартылады

Павлодар әуежайында  ұшу-қону жолағы жаңартылады
Фото: Константин Шелков

Құрылыс монтаждау жұмыстарының құны 16,9 миллиард теңгені құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінде өткен аппараттық жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров мәлім етті. 

– Павлодар қаласы әуежайының жасанды ұшу-қону жолағын реконструкциялау бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді. Жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Салалық министрлікке 2024 жылы республикалық бюджеттен қаражат бөлуге бюджеттік өтінім жолданды, – деді Қанат Қашкиров.

Оның сөзінше, әуежай кешенін жалпы қайта жаңарту көзделіп отыр. Яғни, алаңдарды халықаралық стандарттар нормаларына сәйкестендіріп,  өткізу қабілетін сағатына 200-ден 400 жолаушыға дейін арттыру жоспарланған. Бұған қоса, нысанның қасына қосымша ғимарат салу қарастырылып отыр. 

– Қазіргі уақытта жобалауға арналған техникалық тапсырма әзірленді. Шарт жобалау ұйымымен жасасу сатысындағы, – деп толықтырды спикер. 

Облыс әкімі Асайын Байханов бұл өңірлік маңызы бар жобалардың бірі екенін ескерді.

– Әуежайдың ұшу-қону жолағының реконструкциясы – бұл өте маңызды жоба. Әуежайдағы ұшу-қону жолы сапасы төмен. Болашақта үлкен ұшақтарды қабылдау үшін бұл жобаны сапалы және уақытында атқару керек, – деді аймақ басшысы. 

Еске сала кетейік, Екібастұзда 40 жылдай жөндеу көрмеген теміржол вокзалы қайта құрылатын болады. Жұмыстар 2024 жылға жоспарланған