Павлодар колледжінің түлегі EuroSkills чемпионатында үздік бестікке енді
Еуропалық конкурста Қазақстан ұлттық құрама командасы екі медаль мен төрт «Үздік медальонға» қол жеткізді, @Pavlodarnews.kz.
Польша елінің Гданьск қаласында үш күн жалғасқан WorldSkillsEurope-2023 кәсіби шеберлік байқауы өз мәресіне жетті. Жарысқа әлемнің 32 елінен 25 жасқа дейінгі 600 мықты маман қатысты. Қазақстан құрама командасы 25 құзыреттілік бойынша сынға түсті.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан ұлттық құрама командасы EuroSkills чемпионатына қатысу тарихында үздік нәтиже көрсетіп, қоржынға бір күміс және бір қола, сондай-ақ төрт «Үздік медальонын» салды.
Руслан Юсупов «Веб технологиясы» құзіреттілігі бойынша күміс медаль иеленсе, Андрей Степанюк пен Станислав Горицин «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» командалық құзыреттілігі қола медальмен жүлде қорына үлес қосты. Сонымен қатар, Алуа Жарасбаева (графикалық дизайн), Ерасыл Бақытжан (инженерлік графика CAD), Виталий Кайль (плиткамен қаптау), Ернияз Құрманбеков және Аңсар Оразғалиев (мехатроника) «Үздік медальонға» ие болды.
– Мен Павлодар монтаж техникумын бітірдім және сол жерде өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істедім, – дейді 20 жастағы Виталий Кайль. – Қазір оқуымды Торайғыров университетіндегі «инженерия» факультетінде жалғастырып келемін.
«Үздік медальонға» ие болған жас жігіт осындай жарыстарда облыс деңгейінде екі рет, республикада да екі рет қатысып жүр. Республикада екінші орын алып, EuroSkills іріктеуіне өтті.
Басында Виталий Кайльді Вадим Куприянов дайындады, ал Польшада онымен жаттықтырушы-сарапшы Руслан Хамзин жұмыс істеді.
– 10 шаршы метр аумақты плиткамен қаптауға 17 сағат уақыт кетті, – дейді студент. – Берілген уақытқа сай жұмыс істеп үлгердім. Төрешілер жылдамдық пен жұмыстың сапасына назар аударды.
Колледж түлегінің айтуынша, жарысқа дайындық барысында плиткамен қаптау жаттығулары жасалып, психолог пен дене шынықтыру мамандарымен бірге жұмыс жасау маңызды болды.
Еске сала кетейік, Қазақстан үшін – бұл еуропалық чемпионаттағы үшінші медаль. 2021 жылы Павлодар колледжінің түлегі Дина Афанасьева «Веб-әзірлеу» құзіреттілігі бойынша үшінші орынға ие болды.
EuroSkills чемпионаты - бұл Еуропадағы кәсіптік білім беру және біліктілікті арттыру бағытындағы маңызды іс-шара. 25 жасқа дейінгі жас мамандарға арналған ең ірі халықаралық кәсіби шеберлік жарыстары WorldSkills Europe қатысушы елдерінде екі жылда бір рет өткізіледі.