Павлодар мен Екібастұзда жасөспірімдер ақша бопсалады деген күдікке ілінді

Павлодар мен Екібастұзда жасөспірімдер ақша бопсалады деген күдікке ілінді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Құқық қорғау органдары оқу орындарындағы бопсалау фактілерін анықтап, екі қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асырылып жатқан «Саналы ұрпақ» жобасы аясында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері студенттер мен оқушыларға қатысты бопсалау деректерінің жолын кесті.

Павлодар қаласында екі оқушы өз қатарластарынан ақша бопсалады деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметінше, олар жәбірленушілерден бағалы заттарын ломбардқа өткізіп, түскен қаражатты өздеріне беруді талап еткен. Кей жағдайда қысым көрсету үшін әшкерелейтін бейнематериалдар пайдаланылған.

Екібастұзда колледждің кәмелетке толмаған студенті танысымен бірге 50 мың теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер жәбірленушіні автокөлікке отырғызып әкетіп, оған күш қолданған.

– Аталған екі дерек бойынша қылмыстық істер қозғалды. Құқық қорғау органдары өзге де ықтимал қатысушыларды анықтау жұмыстарын жалғастыруда, сондай-ақ қосымша эпизодтардың бар-жоғы тексерілуде. Күдіктілер ақша беру кезінде ұсталды, – деді облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.

Полиция мәліметінше, жастар арасында қылмыстық ықпал орнату, ақша бопсалау және заңсыз топтар құру әрекеттеріне заң аясында қатаң тосқауыл қойылады.