Павлодар облысы ақшалай қылмыс бойынша антирейтингке кірді

Павлодар облысы ақшалай қылмыс бойынша антирейтингке кірді
Фото: Константин Шелков

Бірінші орын – мегаполистерде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Finprom.kz сарапшылары қаржыға байланысты қылмыстардың қай жерде жиі жасалатынын зерттеді. Осы жылдың бес айында әкімшілік салада мұндай 938 құқық бұзушылық болған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда он пайызға көп. 

– Барлық құқық бұзушылықтардың 70 пайызға жуығы жеке кәсіпкерлерде немесе заңды тұлғаларда төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыру үшін жабдықтардың болмауына байланысты болды, – деп нақтылады мониторинг агенттігі. – Тағы 70 жағдай банк карточкасынан төлем қабылдаудан бас тартуына байланысты.

Ал үшіншісі – валюталық бақылау агенттері клиенттердің валюталық операциялары бойынша есептерді ұсыну тәртібін бұзуы. 

Қаржы саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарға келетін болсақ, бес айдың ішінде өткен жылғы 37 жағдайға қарсы 27 жағдай орын алды. Құқық бұзушылықтардың көпшілігі жалған ақшаны немесе бағалы қағаздарды жасау, сақтау немесе сату болды. Сонымен қатар, ҚР Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасын бұзу да кіреді. Екі қылмыстық іс жалған төлем карточкаларын, басқа да төлем, есеп айырысу құжаттарын дайындауға және сатуға қатысты болды.

Өңірлік бөліністе қылмыстық құқық бұзушылықтардың көбі Алматы қаласында жасалды. Одан кейін Астана, Қызылорда, Павлодар (үш жағдай) және Ақтөбе облыстары орналасты.