Павлодар облысы активі ұлттық құрылтай көтерген мәселелер туралы не дейді?

Облыс активімен кездесуде ел дамуының негізгі мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламалық бастамаларын жүзеге асырудың өзектілігіне тоқталды.
Кеңесшінің айтуынша, 2022 жылғы Президент Жолдауынан кейін Қазақстанның саяси жүйесі жаңа сипатқа ие бола бастады: конституциялық реформалар жүргізіліп, билік құрылымы өзгерді және жаңа көзқарас қалыптасты.
– Ұлттық құрылтай тарихи сабақтастықты сақтап қалды. Бірінші құрылтай ұлттың символдық орталығы Ұлытау өңірінде өтті. Бұл – Жошы және Алашахандар жерленген, Алтын Орданың негізі қаланған қасиетті мекен. Екінші құрылтай түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда ұйымдастырылды. 2024 жылы құрылтай Атырауда, әйгілі Қасым ханның ордасы Сарайшықта өтті, – дейді Мәлік Отарбаев.
Биылғы құрылтай Көкшетауда, Абылай ханның ордасы орналасқан тарихи жерде ұйымдастырылды. Кеңесшінің айтуынша, құрылтай – жай ғана жиын емес, әркім өз ойын білдіре алатын ашық алаң. Бірінші құрылтайда 42 ұсыныс түссе, Түркістанда – 106, ал Атырауда 149 бастама көтерілген.
– Мемлекет басшысы төртінші құрылтайда айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру жоспарына қол қойды. Бұл жоспар 53 тармақтан тұрады және әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық салаларға бағытталған нақты шараларды қамтиды. Бұл құрылтай құрылымының жетіліп келе жатқанын көрсетеді. Ел алдында тұрған басты міндет – әр сала бойынша мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысын жолға қою. Президент ұлттық мүддені қорғау үшін прагматикалық шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті. Ең бастысы – мемлекетіміздің тұтастығын сақтау, – дейді Президенттің кеңесшісі.
Мәлік Отарбаев құрылтайда айтылған басым бағыттардына баса назар аударды. Ол – заң мен тәртіптің сақталуы, қоғамның бірлігі, азаматтық мәдениетті дамыту, мемлекеттік тілді меңгеру және ұлттық құндылықтарды нығайту шеңберіндегі нақты қадамдар. Оның сөзінше, әсіресе ауыл тұрғындары жиі көтеретін мәселе – әділетсіздік пен заңсыздық.
Павлодар облысында «Қуатты өңір – қуатты мемлекет» стратегиясының табысты жүзеге асып жатқанына да ерекше назар аударылды.
– Өңірде ауқымды жобалар іске асырылуда, әлеуметтік маңызы бар нысандар, тұрғын үйлер, жолдар, көлік инфрақұрылымы салынуда. 1543 шақырымдық облыстық жолдар салынып, жөнделді. 2022 жылы ЖӨӨ көлемі 4 триллион теңгеден асса, биыл көрсеткіш 5 триллион теңгеден асты. Ертіс өзенінің үстінен көпір салынып жатыр. Облыста 34 әлеуметтік маңызы бар нысан тұрғызылды, – дейді Мәлік Отарбаев.
Облыс әкімі Асайын Байханов Ұлттық құрылтай ұлттық құндылықтарды ілгерілету мен халық бірлігін нығайтудың тиімді алаңына айналғанын атап өтті.
– Құрылтайда айтылған барлық тапсырмалар ерекше бақылауда. Өңірде Президент бастамашы болған «Заң және тәртіп», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» тұжырымдамалары, сондай-ақ Жұмысшы мамандықтар жылы бойынша жұмыстар жүргізілуде, – дейді облыс әкімі.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Бақыт Бексейітова Президенттің бастамасы – Жұмысшы мамандықтар жылының ел кадрлық әлеуетін нығайтатын тиімді құрал екенін тілге тиек етті.
Өңірде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. 42 колледжде студенттерді қолдау, тегін білім беру және дуальды оқыту бойынша бастамалар енгізілген. «Колледждер альянсы» және «Жаңа мамандықтар атласы» жобалары іске асып жатыр, бұл тұрақты экономикалық дамуға негіз болмақ.
Ол ауыл колледждеріндегі студенттер тапшылығына да тоқталды. Орташа контингент – 100–150 адамды құрайды.
– Қазіргі қаржыландыру жүйесінде қала мен ауыл жағдайының айырмашылығы ескерілмейді. Бұл ауыл мамандарының даярлау сапасына кері әсер етеді. Сондықтан шағын жинақты мектептерді қолдау үлгісінде нормативтік базаны қайта қарау қажет, – дейді Бақыт Бексейітова.
Сондай-ақ, жастарды еңбекке тәрбиелеудің маңызы да айтылды. Ол жас ұрпақ бойында еңбектің қадірін түсінуге және жеке тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді.
Айта кетейік, бұған дейін Мәлік Отарбаев жоғары оқу орындарының оқытушылары және жас ғалымдарымен кездесіп, Мемлекет басшысының сәлемін жеткізді. Сондай-ақ,Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерілген стратегиялық бағыттар жөнінде әңгімеледі.