Павлодар облысы АӨК-ке инвестициялар еліміз бойынша екінші орында

Павлодар облысы АӨК-ке инвестициялар еліміз бойынша екінші орында
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне салынған әрбір бесінші теңге Павлодар облысының фермерлеріне тиесілі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір бұл көрсеткіштен қатарынан екі жыл бойы елде көш бастап тұр. Инвесторлармен кездесуде Облыс әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаеваның мәлімдеуінше, биылғы жылдың сегіз айында 124 миллиард теңге инвестиция тартылған.

– Бүгінде өңірде 30-дан астам кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеумен айналысады, бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде. Біздің өндірушілер бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді: өнімдер жақын және алыс шетелдердің 100-ден астам қаласына экспортталады. Шаруалар өнімнің өзіндік құнын төмендету және сапасын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізіп жатыр, – деді Айгерім Қабылтаева.

Биыл облыста алғашқы мамандандырылған тауарлы сүт фермасы іске қосылады. Жаңа жобалар қатарында – майлы дақылдарды өңдейтін үш кәсіпорын мен чипсы шығаратын зауыттың құрылысы бар. Маңызды жобалардың бірі – Қытай компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан қуаты жылына 50 мың тонна болатын заманауи май зауыты. Жалпы инвестиция көлемі – 20 миллион АҚШ доллары. 

Облыс әкімінің орынбасары индустриялық алаңдарды дамытудың маңыздылығын да атап өтті.

– «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы инвесторлар үшін басты тартылыс нүктесі болып қала береді. Бүгінгі таңда 38 компания қатысушы ретінде тіркелген, олардың 21-і табысты жұмыс істеуде. Жалпы инвестициялық портфель – 540 миллиард теңге. Алдағы жылдары мұнда металл конструкциялары, резеңке-техникалық бұйымдар және жоғары кернеулі оқшаулағыштар шығаратын жаңа өндірістер ашылады. Бұл жобалар өндірістік базаны кеңейтіп қана қоймай, тұрақты жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік береді, – деді Айгерім Қабылтаева.

Қосымша өсім нүктесі ретінде Екібастұз индустриялық аймағы қарастырылуда, онда толыққанды металлургиялық кластер мен үш мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Болашақта ферросилиций мен қалпына келтірілген темір өндіретін зауыттардың құрылысы көзделуде.

Мемлекеттік органдардың жұмысы әрбір инвестициялық жобаны сүйемелдеуге және қажетті мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға бағытталған. Индустрияландыру картасы мен инвестициялық келісімшарттар аясында инвесторлар салықтық және кедендік жеңілдіктерден бастап инженерлік инфрақұрылым жүргізуге дейінгі кешенді преференциялар алады. Барлық іске асырылып жатқан жобалар өңірлік инвестициялық штабтың бақылауында.

– Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыттарға сүйене отырып, бізге маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Алайда біз жаңа өсу мүмкіндіктерін көріп тұрмыз. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана алға қойылған мақсаттарға қол жеткізіп, өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз, – деді кездесуге келген қатысушылар.

Есептеулерге сәйкес, экспортқа бағытталған жаңа өндірістер іске қосылып, толық қуатында жұмыс істеген кезде, 2030 жылға қарай өңірдің өнеркәсіптік өндіріс көлемі 800 миллиард теңгеден асады, ал өңдеу секторының үлесі 70 пайызға дейін жетеді.