Павлодар облысында соңғы рет он жыл бұрын сәуір айында суық болған
Өңірде ақпан айымен салыстырғанда сәуірде қардың нормасы бір жарым есеге артық түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Қазгидромет» облыстық филиалының мәліметінше, егер қыстың соңында қар 10-15 мм түссе, сәуір айында 15-25 мм-ге дейін артық жауған.
Синоптиктердің мәліметінше, жауын-шашын аптаның ортасында тоқтап, күн жылына бастайды.
– Әсіресе, соңғы үш күнде Май ауданының Көктөбе ауылында – 38 мм, Ақсуда – 36 мм, Екібастұзда – 30 мм, Павлодарда 28 мм қар жауған. Облыс бойынша қардың биіктігі – 12-18 см, облыс орталығында – 13 см. Әдетте жыл сайын сәуір айында күн суытып, қар жауады, – дейді «Қазгидрометте».
Биылғы жылы ылғалдың үлкен қоры бар циклондар сериясының жүруіне байланысты жауын-шашын көп түскен.
Естеріңізге сала кетейік, демалыс күндері өңірде 43 ЖКО орын алып, бір адам қаза тапты, сегіз адам жарақат алды. Боранда 34 жастағы тұрғын жоғалып кетті. Әйел адам жолдасымен бірге жоғалған малды іздеуге шыққан.
Павлодар қаласының көшелеріне қар тазалауға 150-ден астам техника мен 200 адам жұмылдырылды. Бригадалар тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Айта кетерлігі, облыста соңғы рет он жыл бұрын, яғни 2013 жылдың сәуір айында суық болған.