Павлодар облысында төрт жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталды
Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылықтардың жолын кесу және алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың 16 қыркүйегінен бастап Павлодар облысының аумағында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Аталмыш іс-шараны ұйымдастыру кезінде Павлодар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері 300-ден астам адамды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде төрт жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды.
Сонымен қатар, «Учаске» ЖПІШ шеңберіндегі рейдтік іс-шаралар барысында Павлодар ауданының патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзған ГАЗ 33021-212 маркалы автомашинаны тоқтатты.
– Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шықты. Олардың күдіктері медициналық куәландыру нәтижесімен расталды, – дейді Павлодар ауданы ПБ әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Рустам Қалықов.
Басшының айтуынша, нәтижелерге сәйкес жүргізуші орташа дәрежеде мас болған.
Тәртіп сақшысы жүргізуші мас күйінде көлік құралын айдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, материалдар сотқа жіберілгенін айтты. Сот шешімімен жүргізуші кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ, 15 тәулік әкімшілік қамауға алынды.