Павлодар облысының колледждеріне оқуға түсудің 10 себебі

Павлодар облысының колледждеріне оқуға түсудің 10 себебі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жастарда өңірдің және елдің еңбек нарығында сұранысқа ие тегін техникалық кәсіптік білім алуға мүмкіндік бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Үш ай бұрын еліміздің Премьер-Министрі Павлодар қаласына сапары барысында өңірімізге жоғары баға беріп, кәсіби білім беруді дамыту және жұмысшы мамандықтарын қолдау бойынша өңірлік тәжірибені таратуды тапсырды. 

– Осылайша облысымыз ірі индустриалды және өнеркәсіптік орталық қана емес, сонымен қатар еліміздің білім беру ордасы екенін дәлелдеді. 2024 жылы 30 кәсіпорын 30 колледжді қамқорлығына алды. Бүгінгі таңда көрсеткішке қол жеткізіліп, 40 кәсіпорын облыс колледждеріне қамқорлық жасауда, – деді облыстық білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Асайымова.

Осы тұрғыда облыс әкімдігі мен «ERG» компаниясы арасында қол қойылған меморандум білім беру жүйесінің едәуір өзгеруіне себепкер болды. «Колледждерге арналған ERG» жобасы аясында ынтымақтастықтың үш жылы ішінде облыс колледждері 574 миллион теңгеге заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. 

Бұл ретте Қарлығаш Асайымова облыс колледждеріне түсудің 10 себебін атап өтті. 

– Ай сайынғы стипендия 41 мың теңгеден басталады. Басқа қаладан келетін студенттерге тегін жатақхана беріледі. Жұмысшы мамандықтарының және әлеуметтік осал топтардың студенттері тегін тамақтанады. 4 АЕК мөлшерінде жол өтемақысы беріледі. Сондай-ақ, бізде заманауи зертханалар және оқу-өндірістік хабтар бар. Ақылы практика 250 мың теңгеге дейін және еңбек өтіліне қарай есептеледі. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқитын студенттердің шетелдік тағылымдамасы бар. Ірі компанияларда жұмысқа орналасу мен университетте қысқартылған оқытудан өтуге болады. Өндірістік тәжірибеден кейін колледждерде жоғары ақы төленетін жұмыс ұсынылады, – деп атап өтті ол. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәсіпорындардың өтінімдері бойынша міндетті жұмыспен қамти отырып, кадрларды нысаналы даярлау жүйесі енгізілді. Бүгінгі таңда нысаналы тапсырыс аясында облыс колледждерінде 1770 студент оқиды.

– Ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 2500 студентке дейін арттыру жоспарланған. Облыс колледждері мектеп оқушыларына шеберлік сыныптар өткізеді. Бүгінгі таңда 40 колледж 4000-нан астам оқушыны қамтыды. Нәтижесінде жұмысшы мамандықтарын таңдаған мектеп бітірушілер санының артқаны байқалды, – деді Қарлығаш Асайымова.

Облыста колледж жанында 32 жатақхана жұмыс істейді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша колледждерге түсетін барлық бірінші курс студенттері үшін тегін жатақхана ұсынылады.