Павлодар облысының спортшылары ұлттық инклюзивті ойындардан үздік атанды

Павлодар облысының спортшылары ұлттық инклюзивті ойындардан үздік атанды

Жарыс спорттың жеті түрінен өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

3-5 қазан аралығында елордада Паралимпиада чемпиондары мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас спортшылардың қатысуымен «Жұлдызай» республикалық ұлттық инклюзивті ойындары өтті. 

Өңірлік дене шынықтыру оқу-практикалық орталығының басшысы Бахтияр Түсіповтың айтуынша, ойындарға Қазақстанның барлық өңірлерінен 10-16 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі 500-ден астам бала мен жасөспірім қатысты. 

– Жарыс спорттың жеті түрінен өтті: жеңіл атлетика, голбол, шағын футбол, үстел теннисі, бочча, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері: бес тас, асық ату және тоғызқұмалақ, – деді ол. 

Іс-шараның негізгі міндеті – спортқа деген қызығушылықты арттыру, салауатты өмір салтын ұстануға ықпал ету, балалардың әлеуетін ашу және физикалық немесе интеллектуалдық шектеулерге қарамастан жоғары нәтижелерге қол жеткізу. Турнир Астанада бірнеше алаңда өтті: Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, «QAZAQSTAN» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде, SAIRAN арена спорт клубында және Паралимпиадалық жаттығу орталығында. Турнирді ұйымдастырушылар «Жұлдызай–К» қоғамдық қоры болып табылады.

Павлодар облысының атынан арнайы мектеп-интернаттарынан мүмкіндігі шектеулі 50 бала қатысты. Турнир қорытындысы бойынша облыс спортшылары сегіз алтын, 11 күміс және төрт қола медаль жеңіп алды, ал жалпыкомандалық есепте Павлодар облысы Алматы қаласының спортшыларынан кейін 2-орын алды.