Павлодарда үш баланың әкесі полицейлерді тістеп алғаны үшін сотталды

Павлодарда үш баланың әкесі полицейлерді тістеп алғаны үшін сотталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол мас болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында ҚР ҚК-нің 380-бап 4-бөлінің 4-тармағы (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері) бойынша 39 жастағы ер адамға қатысты іс қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, былтыр шілде айында қала тұрғыны әріптестерімен бірге кафелердің бірінде отырып, демалған. Түнгі сағат үштен кейін олар шотын төлеп, ойын-сауық орнынан шықты. Сол уақытта азамат өтіп бара жатқан патрульдік көлікті көріп, әдепсіз сөздер айтып, күлді. Бұл ретте полицейлер қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу мақсатында кафе ішіне кіруге шешім қабылдады. Оны байқаған ер адам бірден ғимаратқа кіріп кетті. Ол жерде дөрекілік танытқан азамат ағасымен бірге екі тәртіп сақшысымен сөзге келісіп қалды. 

Полицейлер мас ер адамдарды сыртқа шығару кезінде үш баланың әкесі қарсылық танытып, полиция аға лейтенантын итерген. Оның әрекетін тоқтату үшін полицей тәртіпсіздік танытқан азаматты ұстап тұрған мезетте соңғысы кинологтың оң жамбасынан тістеп алған. Сосын ол полиция аға лейтенантының басынан тістеген. 

Айыпталушы кінәсін мойындаған жоқ. Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар бойынша сот үш жас баланың бар екенін ескерді.

Сот ер адамды ҚР ҚК-нің 380-бап 4-бөлінің 4-тармағында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.