Павлодарда ұлттық тағамдар фестивалінде қазақша бургер мен тары чизкейк пісірілді

Павлодарда ұлттық тағамдар фестивалінде қазақша бургер мен тары чизкейк пісірілді
Фото: автор

Үздік өнім дайындаған жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Ұлттық тағамдар» фестиваліне аудан мен қаладан 23 қатысушы жиналып, өздері дайындап әкелген қазақтың тағамдарын таныстырды. Гастрономиялық іс-шараны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды. Фестивальде кәсіби аспаздар, әуесқойлар мен студенттер қазылар алқасына алдын ала дайындап келген ұлттық тағамдардан дәм татқызып, тамақ пен сусындардың дайындау технологиясымен бөлісті. Павлодар технологиялық колледжінің өндірістік оқыту шебері Мадина Амангелді америкалық бургерді қазақтың етінен жасап, бауырдақты әкелді.

– Фастфуд, яғни тез дайындалатын тағам концепциясын қолдандық. Бауырдақ дегеніміз – бауырсақ пен қуырдақтың қосындысы. Атам заманнан қазағымыз бауырсақты кесіп, ортасына бауырын салып, жеген. Кейде бауырсақтың орнына таба нан қолданылады. Оның ішіне көкөністер, қуырылған бауырды қосуға болады. Тұздығын таза қаймақтан жасадық. Фри орнына кішкентай бауырсақтар, ал сусын ретінде сорпа ұсындық,– Мадина Амангелді.

Аталмыш колледж оқытушысы Меруерт Матанова атышулы чизкейкті тарыдан пісірді.

– Ұнды қосқан жоқпын. Тәтті тағам кілегей, сүзбе, сары май, қант, тары сияқты өнімдерден жасалады. Тарыны жұмсақ қылу үшін оны бірнеше минуттай сүтке пісіремін. Сыртындағы жиегіне де женттен көтереміз. Осындай өнім пеште 110 градуста бір сағат ішінде дайын болады. Үстін құлпынаймен әдемілеп, безендіремін. Қазіргі жастар талқан, жент сияқты тағамдарды біле қоймайды. Біз осындай заманауи тәсілмен чизкейкті ұсынып, ұлттық тағамдарды дәріптейміз,– деді Меруерт Матанова.

Ал үй шаруасындағы әйел Гүлден Әубәкірова фестивальге қыз ұзатып, келін түсіретін әр шаңырақта «Құйрық бауыр» асату салтының негізгі тағамын дайындады.

– Екі жас бір-біріне қосылып екі жақ бір бірімен келісіп, құдалық жасайды. Құдалық бекітілді, барлығы жақсы болды деген ниетпен құйрық бауырды төлқұжат деп есептеуге болады. Қойдың құйрық майы - құдалар бауырдай жақын, екі жақтың аралары майдай болсын деп жасайды,– деді Гүлден Әубәкірова.

Бұдан бөлек бұрынғы тағамдардан кәуапқа ұқсас табада майсыз пісетін «жаужүрек», қойдың бауырынан, бүйрегінен, жүрегінен, күріш қосылған, «әсіп» жұшығы, «құрткөже», еттің майы мен тұзына бес сағат пісетін «қарын бүрме», көшпенділердің ұлттық тағамы үйеңкі ағаштарының шыбықтарына пістеін балық «көктал» тағамдары, бауырсақтың бірнеше түрі, сәукеле тәріздес нан себеттері әкелінді.

Бұдан бөлек қолөнершілердің көрмесі де ұйымдастырылды. Жергілікті колөнершілер әшекей бұйымдар, тақия, бөріктер, тоқыма ойыншықтар, алаша көрпелер, шапан мен қамзолдарын көрсетті.

Қазылар алқасы әр тағамнан дәм татқаннан кейін үздік өнімдерді анықтады.Үшінші орын «қонақ кәде» дайындаған Ғалия Сұңғатова, екінші орын ең дәмді бауырсақ, самса, құрт, қоспа әзірлеген Ляззат Кендебай, ал бірінші орынды тары чизкейн пісірген Меруерт Матанова иеленді. Гран-при алған Бақытжамал Баринова «қарын бүрме» дайындап, аэрогриль ұтты.