Павлодарда арнайы жүйе автобус жүргізушілерінің шаршағанын көрсетеді
Жүргізушілердің жағдайын «Magnetic» диспетчерлеу жүйесі анықтайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байханов «Смарт Автобус ПВ» ЖШС өкілдерімен өткен кездесуде қалалық қоғамдық көлік операторының жұмысын жақсарту бойынша бірқатар мәселелерді талқылады. «Смарт Автобус ПВ» ЖШС операторы нақты уақыт режимінде қоғамдық көліктің аралық уақытының сақталуына, автобустың орналасқан жерін қадағалауға, мәртебелерді индикациялауға мониторинг жүргізуге, яғни, уақытты, артта қалуды, озып кетуді, кестені автоматты есептеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін диспетчерлеудің қазіргі заманауи форматын енгізуді ұсынды. № 1 автопарктің № 21 және 22 бағыттарында пилоттық режимде «Magnetic» диспетчерлеу жүйесі іске қосылды. Оның интерфейсі нақты уақыт режимінде жүргізушінің шаршауын, сондай-ақ, жүргізушінің ұялы телефонмен сөйлесуін және темекі шегуін анықтауға қабілетті.
Облыс әкімі қоғамдық көлік саласын автоматтандыру мен цифрландыруға арналған ақылды шешімдер қоғамдық көліктің орналасқан жері мен оның желіде болуын қадағалаумен шектеліп қана қалмау керектігін атап өтті.
– Жолаушы хабардар болуы керек, яғни, ол аялдамадағы жарық тақталарынан немесе телефонынан қажетті автобусты қанша уақыт күту керектігі туралы ақпаратты көруі тиіс және оған ыңғайлы әрі жайлы болуы тиіс, – деді өңір басшысы.
2021 жылы павлодарлықтар қоғамдық көліктердің қозғалыс аралықтарының ұзақтығына және желілердегі автобустардың аздығына наразылықтарын білдірген болатын, ал, Павлодар қоғамдық көліктерінің 75%-ы шағын класты болған жалғыз облыс орталығы болды. Автокәсіпорындарды жаңартуға және 2022 жылдан бастап электрондық билеттеу жүйесін енгізуге арналған субсидиялар автобус парктерін жаңартуға және жеңілдікпен жол жүруге құқығы бар азаматтардың жол жүру шығындарын өтеудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Соңғы екі жылда 218 автобус жаңартылды.
Бүгінгі таңда облыстың үш қаласындағы қоғамдық көліктердің 75%-ы заманауи үлкен класты автобустар жүреді. Жыл соңына дейін жаңа автобустардың саны 250-ге дейін жеткізіледі.