Павлодарда автобустар уақытша қозғалыс схемасын өзгертеді
Қала тұрғындары мен қонақтарына уақытша өзгерістерді ескеріп, жол жүру бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, 16 маусым күні жол жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты Ак. Сәтбаев көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Шектеу сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін Академик Сәтбаев көшесінің Ломов көшесінен Ткачев көшесіне дейінгі аралығында енгізіледі.
– Жөндеу жұмыстары жүргізілетін кезеңде №3 және №66А автобус маршруттарының қозғалыс сызбаларына уақытша өзгерістер енгізіледі, – деді ведомствода.
Батыстан шығысқа қарай Майра көшесімен жүретін №3 және №66А автобустары жабылған учаскені Майра – Мақатаев – Нұркин – Құдайбердиев – Мәшһүр Жүсіп – Ломов – Академик Сәтбаев көшелері арқылы айналып өтеді. Одан әрі қозғалыс өз бағыттары бойынша жалғасады.