Павлодарда Болгария азаматын 100 миллион теңгеден астам сомаға алдаған алаяқтар ұсталды

Екі азамат басқа да алаяқтық істерге қатысты болуы мүмкіндігі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақмола облысының киберполицейлері шетелдік азаматты қомақты сомаға алдаған ұйымдастырушылар мен дропперлерді ұстады.
Биыл мамыр-маусым айларында Болгария азаматы ірі интернет-алаяқтықтың құрбаны болды. Шетелдік банк қызметкерлері болып көрінген бейтаныс адамдарға сеніп, үшінші тұлғалардың шоттарына 102 миллион теңгеден астам ақша аударған.
Жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін CyberPol бөлімшесінің қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, жедел – іздестіру іс-шараларын жүргізді.
Заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, киберполицейлер шетелдік азаматты алдаған ұйымдастырушылар мен дропперлердің ізіне түсті.
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде жедел уәкілдер Павлодар облысының екі тұрғынын анықтады. Сондай-ақ, полицейлер алаяқтық схеманың тағы төрт қатысушысын анықтап, қазіргі уақытта олардың рөлі мен қылмысқа қатысуы анықталуда, – деді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Күдіктілерді ұстау Павлодар қаласында «Контрафакт» жедел – алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілді. Тергеу аясында ұсталғандардың Көкшетау қаласы мен Қорғалжың ауданындағы алаяқтықтың тағы екі фактісіне қатысы болуы мүмкін екендігі анықталды. Қазіргі уақытта бұл ақпарат тексерілуде. Сондай-ақ, жедел уәкілдер қылмыстық топтың алаяқтық әрекеттерінен басқа жәбірленушілерді анықтауда.
Тергеп-тексеру кезеңінде айыпталушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тінту іс-шаралары кезінде ұялы телефондар, сондай-ақ қолма-қол ақшаның бір бөлігі заттай дәлел ретінде тәркіленді.