Павлодарда татар ұлтының жүз жылдық қамзолы көрсетілді

Павлодарда татар ұлтының жүз жылдық қамзолы көрсетілді

Коллекцияда басқа да ерекше заттар жинақталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала мұрасы: этностардың алтын қоры» атты көрме ашылды. 

Музей басшысы Арман Әлиақпаров құттықтау сөз сөйлеп, өңірде тұратын халықтардың мәдени мұрасын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Облыстық ҚХА Аналар кеңесінің және «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова жас ұрпақты қазақстандық патриотизм, ұлтаралық келісім және өзара құрмет рухында тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.

Железин ауданы татар-башқұрт этномәдени орталығының жетекшісі Ғалия Әбдіразақова өз тәтесіне тиесілі дәстүрлі татар әйелдер костюмін ұсынды.  Көйлек пен көне тиындармен безендірілген камзолға жүз жылдан асқан. Коллекцияның ерекше құндылығы – табиғи былғарыдан қолдан тігілген, татардың дәстүрлі өрнектерімен безендірілген көне әйелдер етігі.

«Павлодар облысы татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығы» ҚБ мүшесі Роза Серажетдинова анасына тиесілі қолмен кестеленген әйелдер алжапқышы туралы әңгімеледі.

«Беларусь» мәдени орталығы» ҚБ қолдан тоқылған көне көрпе мен жол төсенішін таныстырды. Осы экспонаттардың тарихын орталық өкілі Анастасия Скрипникова егжей-тегжейлі сипаттады.

Көрме қатысушыларға еліміздің күші – бір-бірінің мәдениетін құрметтеуде және ата-баба мұрасына ұқыпты  қарауда екенін еске салды.