Павлодарда трамвай жүргізушісі адасып кеткен оқушыға көмектесті

Павлодарда трамвай жүргізушісі адасып кеткен оқушыға көмектесті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оны ата-анасы іздеп жүрген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

13 наурызда сағат 15:46-да №7 трамвайдың жүргізушісі Нұрбану Ахметова соңғы Ладожская аялдамасында тоқтап, көліктің ішінде жалғыз отырған баланы байқаған. Әйел ұлдың қасына жетіп, соңғы аялдамада шығу керек екенін айтқан кезде бала адасып кеткенін айтқан. 

– Соңғы аялдамада трамвайдан барлық адамдар шығып кетіп, үндемей отырған баланы көрдім. Ер бала маған өзі тоғыз жаста екенін айтып, «қайда тұрғанымды, қай аялдамадан отырғанымды білмеймін» деп жауап қатты. Телефонының қуаты да таусылып қалған. Сосын қуаттағышты қолданып, анасына хабарластым. Телефонның арғы жағында жылап, алаңдап отырған ананы сабырға шақырып, ұлын қай жерге дейін жеткізіп беру керек екенін сұрадым, – деді Нұрбану Ахметова.

Трамвай жүргізушісі экономикалық колледж аялдамасына дейін барып, баланы анасының қолына аман-есен тапсырған. Мектеп директоры да оқушыны аялдамада тосып тұрған. 

– Мектеп әкімшілігінің атынан № 7 трамвай жүргізушісіне зор алғысымызды білдіргіміз келеді. Ол сабақтан кейін басқа трамвайға отырып, үйге қарай бет алған біздің мектептің оқушысына уақтылы көмек көрсетті, – деді қалалық № 29 жалпы орта білім беру мектебінің әкімшілігі.

Білім беру бөлімінің мәліметінше, 3-сынып оқушысы сабақтан кейін сағат13:40-та шығып, басқа трамвайға мінген. Оқушы әрдайым мектепке және үйге өздігінен барады.