Павлодарда жас әншілер «Ertis Promenade» сахнасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды
Облыста «Pavlodar Sound» вокалдық байқауының финалы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар шығармашылығын қолдауға бағытталған жобаға Павлодар қаласы мен аудан-аймақтардан келген қатысушылар өнер көрсетті. Байқау 14-17 жас, 18-22 жас және 23-35 жас аралығындағы үш санат бойынша ұйымдастырылды.
Креативті жастармен жұмыс орталығының инспекторы Зарина Ахметзянованың айтуынша, финалға 51 қатысушының арасынан 21 үміткер жолдама алған.
– Алдыңғы кезеңнің қорытындысы бойынша екінші кезеңге бірінші санаттан тоғыз, ал екінші және үшінші санаттардан алты қатысушыдан өтті. Қазылар алқасы орындаушыларды дауыс тазалығы, интонация, орындаушылық шеберлігі, музыкалық қабілеті, сахна мәдениеті, артистизмі және репертуардың сәйкестігі бойынша бағалады, – деді инспектор.
Қорытынды кезеңнің ерекшелігі – алғашқы жас санатында ым-ишара тіліндегі ән орындаушылардың қатысуы болды. Қанат Бейсхан Батырхан Шүкеновтің «Отан ана» әнін, ал Ламина Шигибаева Индира Елеместің «Адаспа» әнін ым тілі арқылы орындаған.

Байқау жеңімпаздарына кәсіби фото және бейнетүсірілім, дыбыс жазу студиясына сертификаттар мен вокал мектебіне жолдамалар табысталады. Сонымен қатар барлық финалистерге сертификат беріліп, олар алдағы уақытта «Ertis Promenade» сахнасындағы концерттерге қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Финалистердің бірі Сұлтанахмұт Момынжановтың пікірінше, ол байқауға жүлде үшін емес, өзін көрсету мақсатында қатысқанын айтты.
– Бірінші кезеңде қалай өткенімді өзім де байқамай қалдым. Өнерімді көрсетіп кетіп қалдым, кейін «екінші кезеңге өттің» деген хабарлама алдым, – деді ол.
Қатысушы алғашқы кезеңде Айқын Төлепбергеннің «Жалаң аяқ қыз» әнін орындағанын жеткізді.
– Бұл ән менің стиліме жақын болды. Бұған дейін Мұқағали Мақатаевқа арналған кеште орындағанмын. Финалға өткенде де ерекше сезім болған жоқ. Мен тек адамдарға өзімді көрсеткім келді. Ал соңғы кезеңге «Формат» тобының әншісі Қайрат Баекеновтің «Махаббат» әнің таңдадым , – деді жас орындаушы.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші жас санатында Даниля Биянова жеңімпаз атанса, екінші орынды Валерия Шмулько, үшінші орынды Мұхаммед Тілеухан иеленді. Екінші санатта Райхан Оқтаубаева үздік деп танылып, Нартай Өнербек екінші орынға, Залина Киноятова үшінші орынға ие болды. Ал үшінші жас санатында Мария Костюченко жеңімпаз атанып, Надежда Глушко екінші орынға, Әйгерім Талап үшінші орынға тұрақтады.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Pavlodar Sound» облыстық вокалдық байқауының іріктеу кезеңіне 51 қатысушы қатысып, олардың 21-і финалға жолдама алған болатын. Жоба жас орындаушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және сахна тәжірибесін арттыруға бағытталған.