Павлодарлық энергетик арулардың жұмыс күні қалай өтеді?

Павлодарлық энергетик арулардың жұмыс күні қалай өтеді?
Фото: Есенжол Исабек

Әйелдердің көбі ұзақ жылдар бойы әулеттерімен облыс орталығына жылу беруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Энергетика дәстүрлі түрде ерлерге тән сала деп саналады. Күйзеліске жоғары төзімділік, талаптылық, жеделдік пен салқынқандық – бұл энергетик жұмысына қажет, мықты ер азаматтың образын қалыптастыратын қасиеттер. Оған қарамастан, әйелдер де бұрыннан бері осы салада өз орнын тапқан. «Павлодарэнерго» АҚ кәсіпорындар тобының кәсіпорындарында 4 100 қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарындағы 1 599 қызметкер – әйелдер. Нәзік жандылардың орташа жасы – 44 жыл.

Әйел энергетиктер «Павлодар электржелілік тарату компаниясы» АҚ, «Павлодар жылу желілері» ЖШС және де 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО-да еңбек етеді. Оларды жетекші лауазымда, жұмысшы мамандықтарда кездестіруге болады. Жұмысшы мамандықтар қатарында 666 әйел бар.  

Мәселен, 3-ЖЭО-да жұмысшы мамандықтар тобында 152 әйел еңбек етіп жүр. Олардың бірі – Екатерина Абакумова кәсіпорында 23 жыл бойы жұмыс істеп келе жатыр. Алғашқыда қарапайым сырлаушы ретінде еңбек жолын бастаған. Бүгінде ол №15 жөндеу құрылыс цехында бригадир болып жұмыс істейді. 

– Цехта сылап, ақтап, бояп, тазалық жұмыстарын атқарамыз. Менің қоластымда 10 маман бар. Бірі сылап жүрсе, екіншісі бояп отырады, үшіншісі биіктікте жұмыс істейді. Әркімнің жеке орындайтын ісі болады. Жазда біз қасбеттерде жұмыс істейміз, ал қыста ішкі жұмыстарға көшеміз, – деді Екатерина Абакумова.

Бригадир өз жұмысын жақсы көретінін жасырмайды.

– Мен бұл жұмысқа кездейсоқ келген жоқпын. Еңбек етемін деген ниетім болды. Менің анам, әпкем, ұлым осында жұмыс істейді. Әпкем менің бригадамда,  ұлым күл үйіндісінде жұмыс істейді, күйеуім басқа кәсіпорында мердігер ретінде еңбек етеді. Барлығын алып санағанда жалпы еңбек өтілі 60 жылды құрайды, – деп атап өтті ол. 

Екатерина сияқты оның аттасы Екатерина Береснева өзін тәжірибелі жұмысшы ретінде көрсетіп үлгерген. Ол станцияға 2019 жылы келген. Бұған дейін 10 жыл сүт зауытында технолог болған. 

– Мен батыл қызбын. Ешқандай қиындықтан қорықпаймын. Жұмысым қиын болғанымен, әрқашан әрекет жасап, жаңа қадам басуға тырысамын. Осында жалақы тұрақты, демалысқа уақытында шығамын, – деді қазандық цехында төртінші топтың қараушы-машинисі Екатерина Береснева.

Үлкен қазандық цехында багерлік сорғылар тұрады. Олар күл-қожыдан суды сорып, құбырлар арқылы күл үйінділеріне жіберіледі. Екатеринаның міндетіне аталмыш процесс кезіндегі шығып қалуы мүмкін ақауларды анықтап, оларды жою кіреді. 

– Екі сағат сайын сорғыларды тексеріп отырамын. Себебі кез келген уақытта сыртта немесе іштегі қазандықта жарылыс болуы мүмкін. Май деңгейін, май тығыздағыштарының ағуын бақылап тұрамын. Өзгерістер мен проблемалар туралы аға машиниске, ауысым бастығына хабардар етіп отырамын, – деді Екатерина Береснева.

Жауапкершілікті талап ететін жұмыста тәулік бойы жұмыскерлер тер төгеді. 

– Кейде көз іліп, ұйықтап алатын да уақыт табылмайды. Әрдайым жүріп тұрасың. Фитнес залға да барудың керегі жоқ, – деп күледі әйел. 

Ал № 1 отын көлік цехының отын беру машинисі Лариса Бакина мамандығының маңызын өте жақсы түсінеді. 

– Жұмыс қызықты. Әр үйге жарық беріп жатқанымызды біле отыра, жауаптылық сезімі бар, – деді Лариса Бакина.

60 жастағы машинист ең ұзын цехта 12 жыл еңбек етіп келе жатыр. 

– Менің міндетіме көмірді тікелей үздіксіз беру кіреді. Көмір қазандық цехына кірмес бұрын шикі көмір бункерлерінен өтеді. Көмір толығымен айналып өтетін таспалы конвейрді басқарып отырамыз. Оның ұзындығы – 300 метр. Сондықтан машинистер бір жерде отырмай, қандай да бір ақауларды болдырмау мақсатында үнемі тексеріп, жүреді, – деді Лариса Бакина.

Ал станцияға 18 жасында келіп, 35 жыл адал еңбек етіп жүрген Наталья Малинина химиялық цехтың ауысым бастығы.

– Химиялық цех суды жоғары қысымды қазандықтарға қоректік су қоспасы ретінде дайындайды. Біздің цехта натрий, химиялық тұзсыздандыру және тұтынушылардан қайтарылатын конденсатты өңдеу жасалады, – деді Наталья Малинина.

Натальяның цехында жұмыс істейтін мамандар жоғары қысымды қазандықтар үшін суды тазартады.  

– Нашар су болса, қазандық қондырғылары мен турбиналар да нашар жұмыс істейді. Жалпы, біз үздіксіз сенімді тазарту, сумен қамтамасыз етеміз. Алайда жұмыс денсаулыққа өте зиянды, себебі реагенттер көру, тыныс алу жолдарына теріс әсер етеді, – деп атап өтті Наталья Малинина.

Оның сөзінше, көп жылдар еңбек атқарып жүрген кәсіби жұмысшылардың орнына жастар келіп жатыр. Олар да өз талпынысын білдіріп, үйренуге тырысады.

Фото: «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметі