Павлодарлық кәсіпкер карта төлемдеріне үстеме ақы қосқаны үшін айыппұл арқалады

Павлодарлық кәсіпкер карта төлемдеріне үстеме ақы қосқаны үшін айыппұл арқалады
Фото: istockphoto.com/YakobchukOlena

Тексерісті облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала тұрғыны дүкендердің бірінен азық-түлік сатып алып, QR арқылы төлем жасаған кезде бағаның көрсетілгеннен қымбат екенін байқаған. Ол әрқайсысы 1830 теңгеден үш науа жұмыртқа мен 10 келіден екі қап қантты 5080 теңгеден алған. Бірақ төлем кезінде баға жапсырмасында көрсетілген 15 650 теңгенің орнына 16 432 теңге төлеуге тура келген. Баға айырмашылығының себебін сұрағанда, сатушы дүкен иесінің шешімі бойынша қолма-қол емес төлем жасағандарға қосымша үстеме қосылатынын айтқан.

Тұтынушы бұл жайлы облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымданған. Тексеру барысында дүкен иесінің карта арқылы төлеу кезінде бес пайыз үстеме қосқаны анықталды.

– Кәсіпкер тауарды сөреде көрсетілген бағамен сатуға міндетті. Қолма-қол емес төлем кезінде қосымша ақы алу – заң бұзушылық болып есептелінеді, – деп хабарлады департамент мамандары.

Нәтижесінде дүкен иесіне 250 мыңнан астам теңге көлемінде айыппұл салынып, бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді. Ведомство мұндай жағдайға тап болған тұрғындарға баға жапсырмасының және чектің фотосуреттерін қоса тіркеп, E-otinish жүйесі арқылы шағым жолдауға немесе жедел желіге хабарласуға кеңес береді.