Павлодарлық компания медициналық қалдықтарды заңсыз тастаған

Павлодарлық компания медициналық қалдықтарды заңсыз тастаған
Фото: pexels.com / Chris F

Заңбұзушылық үшін кәсіпорынға ірі көлемде айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық экология департаменті қала азаматының өтініші және әлеуметтік желіде жарияланған медициналық қалдықтардың орналастырылуы туралы бейнематериал негізінде «BB-Group KZ» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.

– Тексеру барысында Солтүстік өнеркәсіп аймағы, 2047 мекенжайында орналасқан жер учаскесінде медициналық қалдықтардың орналастырылғаны анықталды. Бейнематериалда көрсетілген қалдықтар кейіннен сол учаскедегі контейнерге жинақталған. Тексеру нәтижесінде медициналық қалдықтармен жұмыс істеу бойынша жобалық құжаттамаға мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының жоқтығы анықталды, – деді облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі.

Бұған қоса, қалдықтардың жер учаскесіне орналастырылуы экологиялық заңнама талаптарына қайшы келеді. 

– Заңнамаға сәйкес, қалдықтарды жинақтау тек арнайы жабдықталған және белгіленген орындарда — алаңдарда, қоймаларда, сақтау орындарында және контейнерлерде жүзеге асырылуы тиіс. Осы құқықбұзушылықтар бойынша «BB-Group KZ» ЖШС Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 332-бабының 1-бөлігі және 344-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 200 айлық есептік көрсеткіш (786 400 теңге) көлемінде айыппұл салынды, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, экология департаменті сотқа компанияның қызметін уақытша тоқтата тұру туралы талап арыз берді. Бұл шешім мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғанға дейін медициналық қалдықтармен жұмыс істеуді шектеуге бағытталған.