Павлодарлық оқушы Дубайдан бас жүлдемен оралды
Жарысқа 80-ге жуық қатысушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Біріккен Араб Әмірліктерінің ең үлкен қаласы Дубайда өткен «Dubai fest» Халықаралық байқау фестивалінде 4-сынып оқушысы Ахмедияр Үтемісов үздік өнер көрсетіп, бас жүлдеге ие болды.
Жеңімпаз «Музыкалық колледж дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының» қазақ халық аспаптары бөлімінің домбыра сыныбында оқиды. Домбыра, сондай-ақ жетіген аспабында ойнайды. Жетіген аспабында білімін жетілдіру мақсатымен қосымша үйірмеге барады.
– Бәсекелестік үлкен болды. Бұл – Ахмедиярдың алғашқы халықаралық байқауы емес. Былтыр Стамбулға барып, бас жүлдені жеңіп алған болатын. Осы жылдан бастап, жетіген аспабы бойынша жарысқа қатысып жүр, – дейді анасы әрі музыкалық колледж қазақ халық аспаптар бөлімі домбыра сыныбының ұстазы Салтанат Үтемісова.
Оның айтуынша, жас өрен бірінші сыныптан бастап домбырамен айналысады. Дайындық барысында айтарлықтай қиындықтар болмаған.
– Керісінше, көктемгі демалыста Дубай қаласында Абу-Дабигедегі «Ақ мешітке», әлемдегі ең биік мұнара «Бурдж Халифаға», «Болашақ мұражайға», «Билейтін субұрқақтар» сияқты қаланың көрікті жерлерін араладық. Ерекше әсер алдық, – дейді ол.
Алдағы уақытта маусым айында Грузия елінің Батуми қаласында өтетін халықаралық байқауға дайындықты бастап жатыр. Ол жақта жеңімпаз ансамбль құрамында домбыра мен жетіген бойынша қатысады.
– Ұстазым Толқын Байбосынова – менің музыкалық мектеп және музыкалық колледждегі ұстазым. Мен де домбырашымын. Сондай білікті, мықты маманда баламның тәлім алып жатқандығы мені қуантады, мақтан тұтамын, – дейді анасы.
Ахмедиярдың тәлімгерінің шәкірттері бірталай республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары атанған.
Сондай-ақ, еліміздің басқа мектептерінен де оқушылар қатысты. Байқау вокалдық, аспаптық, хореографиялық жанры бойынша өткізілді.
Айта кетейік, «Мұзарт» тобының солисті Сәкен Майғазиевтің «Smart» өнер мектебінің оқушылары да барлық жанрлардан жүлделі болып, елге оралды.