Павлодарлық оқушылар «ЖасStar» фестивалінде Гран-при жеңіп алды

Павлодарлық оқушылар «ЖасStar» фестивалінде Гран-при жеңіп алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ақтөбеде өткен республикалық байқауда жас музыканттар жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенінің оқушылары Ақтөбе қаласында өткен «ЖасStar» республикалық өнер байқау-фестивалінде жүлделі орындарға ие болды.

Ауқымды мәдени шара қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, академик әрі композитор Ахмет Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына арналды.

Байқауға еліміздің түрлі өңірлерінен келген жас орындаушылар қатысып, баян-аккордеон, үш ішекті және фольклорлық аспаптар номинациялары бойынша бақ сынады.

«Баян-аккордеон» номинациясында павлодарлық оқушылар ерекше көзге түсті. Арслан Жаңабай (4А сынып) Гран-при иегері атанса, Нұримран Ниязбек (3А сынып) бірінші орынды жеңіп алды.

Жас өнерпаздардың жетістігі олардың ұстазы М.В. Семёнованың кәсіби еңбегімен тығыз байланысты. Ұйымдастырушылар оның шәкірт тәрбиелеудегі үлесін жоғары бағалады.

Мамандар бұл жеңіс Ахмет Жұбановтың мерейтойлық жылындағы маңызды жетістік екенін және павлодарлық музыкалық білім беру мектебінің жоғары деңгейін көрсететінін атап өтті.