Павлодарлық спортшы унифайттан Қазақстан чемпионы атанды

Павлодарлық спортшы унифайттан Қазақстан чемпионы атанды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ақтау қаласында өткен ел чемпионатында 500-ден астам спортшы бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің ЖҚАЖ инспекторы Ринат Махмутов Ақтау қаласында өткен байрақты бәсекеден алтынмен оралды. Чемпионатқа еліміздің 16 облысы мен 4 қаласынан шамамен 517 спортшы қатысып, чемпиондық атақ үшін бақ сынады.

Ринат Махмутов 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жарыс қорытындысы бойынша алтын медаль жеңіп алды.

Павлодарға оралған спортшыны әріптестері ерекше ықыласпен қарсы алып, жеңісімен құттықтады. Олар Ринаттың табандылығы, төзімділігі мен жоғары деңгейдегі дайындығын атап өтті.

– Ринат өз үлгісімен жоғары нәтижеге күнделікті еңбек, тәртіп пен мықты мінез арқылы қол жеткізуге болатынын көрсетіп келеді. Ол үшін қызмет пен спортты қатар алып жүріп, кәсіби шеберлігін үнемі шыңдап, Павлодар облысының намысын абыроймен қорғауы біз үшін ерекше маңызды. Оған жаңа жеңістер мен барлық бастамаларына толағай табыс тілеймін, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орынбаев.

Бұл – Ринат Махмутовтың спорттағы кезекті айтулы жетістігі. Оның қоржынында ММА-дан әлем және Азия чемпионы атақтары, сондай-ақ жекпе-жек өнерінің түрлі бағыттары бойынша халықаралық турнирлердегі жеңістері бар.

Спортпен қатар, Ринат полиция қызметінде де мол тәжірибе жинаған. Оның қызметтік жолы 2014 жылы «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінен басталған. 2016 жылы ол күрең берет нормативтерін сәтті тапсырып, оны растады.

Айта кетелік, Ринат Махмутов 2019 жылдан бері Павлодар облысы полиция департаментінің ЖҚАЖ инспекторы қызметін атқарып келеді. Бүгінде ол өңірде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қызметтік міндетін спорттағы жетістіктерімен қатар алып жүр.