Павлодарлық тәртіп сақшылары жаңбырда жолда қалған жолаушыларға көмектесті
Олардың көлігі істен шыққан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомствоның Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына аймақ тұрғыны Алтыннұр Бағдәулет құрамында Қуаныш Сағындықов пен Ілияс Ракиш болған «008» патрульдік полиция батальонының экипажына алғыс білдірген. Олар автокөлік сынған кезде көмек көрсеткен.
– Біз Баянауыл ауылынан жолға шықтық, сағат 08.00-де көлігіміз сынып қалды, далада нөсер жаңбыр жауып тұрған болатын, тіпті, көліктен шыға алмадық. Сол сәтте бізге полиция қызметкерлері келіп, бізді ең жақын ТҚО-ға дейін сүйреп апарды және көлікті жөндеу аяқталғанға дейін бізбен байланыста болды. Біз өз жолымызды аман-есен жалғастырдық, ал инспекторлар өз учаскелерін патрульдеуді жалғастырды, – дейді хаттың авторы.
Ол жолда мұндай қолайсыз ауа райында жолда қалдырып кетпей көмек көрсеткен тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, қызметте одан әрі табыстар тіледі.
Құқық қорғау органдарының өздері күн сайын қызметте түрлі жағдайлар кездесетінін, ал көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсету өздерінің тікелей міндеті екенін айтады.