Павлодарлықтар көне жәдігерлер арқылы сыйлықтар ұта алады

Павлодарлықтар көне жәдігерлер арқылы сыйлықтар ұта алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Музей қызметкерлері үйде сақтаулы тұрған заттардың тарихына үңілуге шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі Ертіс-Баян өңірінің тұрғындары арасында «Көне жәдігерлер сыр шертеді» атты байқау жариялайды. Байқау шарттары бойынша үйіңізде сақталған ең көне жәдігерлерді сапалы түрде фотоға түсіріп, қысқаша сипаттамасын жазу керек. 

– Бұл ата-бабаңыздан қалған тарихи көне кітаптар, қолжазбалар, тұрмыстық заттар, музыкалық аспаптар және өзге де құнды мұралар болуы мүмкін. Ең көне әрі тарихи құндылығы жоғары жәдігерлер анықталып, иелеріне арнайы сыйлықтар табысталады. Өткенді зерттеп, болашаққа мұра қалдырайық. Сіз таныстырған көне жәдігер тарихтың бір бөлшегі болуы мүмкін, – деді музейде.

Қатысушылар құнды затты суретке түсіргеннен кейін ұйымдастырушыларға бұл қандай жәдігер екені, ол кімге тиесілі болған, қай жылдан бері сақталған және оның тарихы қандай деген ақпаратты беруі тиіс. Кез келген құжат немесе кітап суретке түсірілген уақытта оның ішкі мазмұнының бірнеше беті қоса қамтылуы керек. Мысалы, кітаптың мұқабасын ғана емес, оның ішіндегі маңызды бірнеше бетін фотоға түсіру маңызды. Дайын сурет пен сипаттаманы eabl@bk.ru электрондық поштаға немесе 8 (705) 724-91-45 ұялы телефонына жіберу қажет.

Жеңімпаздар жәдігерлердің көнелігі және тарихи құндылығы негізінде анықталады. Өтініштер 8 тамызға дейін қабылданады. Бірінші орынға 100 мың теңге, екінші орын үшін смартфон, үшінші орынға планшет беріледі.