Павлодарлық жастар құқықтық сауаттылықты арттыруға үн қосты

Павлодарлық жастар құқықтық сауаттылықты арттыруға үн қосты
Фото: ЖБДО

Кездесуге мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында заң мен әділдік тақырыбында онлайн-дискуссия өтті. Кездесу аралас форматта ұйымдастырылды: 100 адам оффлайн қатысса, тағы 900 қатысушы Екібастұз, Ақсу қалалары мен облыс аудандарынан онлайн қосылды.

Іс-шарада мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері және түрлі сала мамандары сөз сөйледі. Талқылау барысында қатысушылар заң мен әділдіктің өзара байланысын қарастырды.

Спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, құқықбұзушылықтың алдын алу, волонтерліктің рөлі және белсенді азаматтық ұстанымның маңызы туралы айтты. Сондай-ақ қоғам мен құқық қорғау органдары арасында диалог орнатудың маңыздылығы да сөз болды. Қатысушылар сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдіріп, өмірден мысалдар келтірді.

– Біздің міндетіміз – жастардың құқыққа және қоғамдағы өз рөліне саналы көзқарасын қалыптастыру. Заң әрдайым әділдікті толық көрсете бермейді, себебі оны адамдар жасайды және ол өзгеруі мүмкін. Алайда дәл осындай талқылаулар мен азаматтардың белсенділігі арқылы қоғам оны әділ ете алады, – деп атап өтті орталық бөлімінің басшысы Жандарбек Қабдраш.

Жандарбек Қабдраштың айтуынша, мұндай кездесулер жастарға тек заңды сақтауды ғана емес, оны түсінуді және дамытуға қатысуды да үйретеді.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, облыстың әртүрлі қалалары мен аудандарынан келген қатысушыларға бір алаңда маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.