Павлодарлық ұстаз: Атам Отто мен әжем Эрика өмір бойы «қазақпыз» деп өткен
Гросс Инга Райнгольдқызы Павлодар қаласының №39 инновациялық үлгідегі гимназия сыныптары бар жалпы орта білім беру мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, ол жуырда ғана Петропавл қаласында мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері арасында өткен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты республикалық конкурста бас жүлдеге ие болды. Байқауға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарда іріктеуден өткен 20 үміткер – мемлекеттік тілді жетік меңгерген, мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарында қызмет атқаратын, 18-35 жас аралығындағы этнос өкілдері қатысты.
Байқау төрт кезеңнен өтті: «Жұлдызды сәт» – өз өнерін көрсету, «Сөздің көркі» – Отан, елге қызмет тақырыптарындағы мақал-мәтелдер айтудан сайыс. Үміткер ұсынылған мақалды жалғастыруы керек. «Ой ұшқыны» – берілген тақырыпта ой толғау. Үміткер ұяшықты таңдап, Отан, туған жер, салт-дәстүр, белгілі тұлғалар тақырыптарында сөз саптайды. Ұшқыр сұрақ, ұтқыр жауап – берілген сұрақтарға жауап беру. Әр үміткер 15 сұраққа жылдам жауап беруі керек болды.
– Мен қазақ халқын айырықша құрметтей білген апамның тәрбиесін көріп өскеннен, анамның бағыттауымен қазақ тілін жақсы білемін, салт-дәстүрден де хабарым мол. Бұған қоса, балалық шағым кішкентай ғана ауылда өткен. Өзім де қазақ отбасының келінімін, екі ұлым бар, – дейді Инга Гросс.
Оның айтуынша, 30-шы жылдардың соңында КСРО мен Германия арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп, салдарынан 1941 жылы немістерді күштеп жер аудару туралы бұйрық шыққан. Сол жылдың тамызында күштеп жер аударылған 1 млн 200 мың халықтың 500 мыңға жуығы қазақ жеріне қоныстандырылған. Оның ішінде атасы мен әжесі де болған.
– Атам Гросс Отто Райнгольдович 1928 жылы 3 мамырда, ал әжем Дубс Эрика Ивановна 1930 жылы 20 желтоқсанда дүниеге келген. Қазақ жеріне келгенде атам 13 жастағы ойын баласы, ағасы және немере ағайындары бар еді. Ата-анасы жол үстінде қайтыс болды. Қай жерде және қалай қайтқаны, қай тұста жерленгені туралы мүлдем хабарсыз. Оң-солын танып білмеген атам мен бауыры мүлдем панасыз қалды. Алайда, бір топ неміс отбасыларын Май ауданы Саты ауылының Абай бөлімшесіне әкелгенде сол жердің тұрғылықты халқы құшақ жая қарсы алып, бауырларына тартқан екен. Олардың арасында екі жетім бала болған, – дейді Инга Гросс.
Ағайынды Гросс әр үйдің шаруасына қол ұшын беріп, еңбек етіп, күн көрген.
– Атам марқұм «Қазақ халқы, жер аударылып келгендерді жатсынған жоқ. Кеңпейілділік, қамқорлық танытып, бір үзім нанын бөліп берді. Күні бойы қазақ балаларымен ойнаймыз, содан қазақша жап-жақсы сөйлеп кеттік» дейтін. Ал әжем марқұм «Қазақтың мейірімділігі мен балажандығынан үлгі алдым» дейтін еді. Атам Отто да, апам Эрика да өмір бойы өздерін «қазақпыз» деп, қазақтың салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын әспеттеп өтті, – деп еске алады Инга.
Гросс отбасы 1949 жылы шаңырақ көтеріп, он баланы дүниеге әкелген. Олардың жетеуі – ұл, үшеуі – қыз. Балаларын қазақы тәрбиемен өсіріп жеткізген. Ұлдары қазақтан қыз алса, қыздары қазақ отбасыларына келін болып түскен.
– Қазір Гросс әулеті – немере-жиен, шөберелер сүйген үлкен әулет. Мен Отто атамның алтыншы баласы Райнгольдтің қызымын, анам қазақ, есімі Жангүл. Отбасында екі баламыз, Станислав есімді бауырым бар, – дейді Инга.
Ол орта мектептен кейін С.Торайғыров атындағы ПМУ қазақ филологиясы факультетіне түскен және магистратураны да үздік аяқтаған. Тіл мәселелеріне қатысты түрлі шараларға белсене қатысады.
2021 жылы жоғары кәсібилігі мен өскелең ұрпақтың бойында рухани және зияткерлік қасиеттерді дамытқаны үшін Павлодар қаласы әкімінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту Министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған.