Шарбақтыда шұғыл көмекке мұқтаж болған бала полицейлердің көмегімен аман қалды

Шарбақтыда шұғыл көмекке мұқтаж болған бала полицейлердің көмегімен аман қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тәртіп сақшылары түк көрінбеген жол трассасында жедел жәрдем көлігіне қалаға дейін ілесіп жүрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 13 қаңтарда тоғыз жасар баланың іші қатты ауырып, жүрегі айнып, қызуы көтерілген. Дәрі-дәрмектер ем болмаған соң, ата-анасы Шарбақты орталық аудандық ауруханасына жүгінді.  Баланы кезекші дәрігер тексеріп, талдаулар алғаннан кейін, оны шұғыл түрде Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізу керек болды.

14-15 қаңтарға қараған түні ауа райының қолайсыздығы баланы тасымалдауды қиындатты. Барлық бағыттар бойынша жолдар жабылды. Боранның кесірінен жолда түк көрінбеді.

Шарбақты аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Талғат Смақов көмекке келіп, жедел жәрдемді аудан шекарасына дейін ілесіп, алып келді. Одан әрі бригаданы қалаға дейін еріп жүруі үшін патрульдік полиция тобы қызметінің инспекторы, полицияның аға лейтенанты Арман Абдуғалиев пен полицияның аға лейтенанты Ержанат Жанғазиновқа тапсырды.

Баланы кезекші хирург қабылдау бөлімшесінде тексерді. Бала жіті бақылаудан соң аппендицит диагнозымен хирургиялық бөлімге шұғыл түрде жатқызылды. Науқасқа 15 қаңтарда ота жасалды. 

– Ол үш тәулік бойы жансақтау бөлімшесінде жатты. Кейіннен  хирургия бөлімшесіне ауыстырылды. Қазір баланың жағдайы тұрақты, оң динамикасы бар,– деді облыстық денсаулық сақтау департаментте. 

Учаскелік инспектор мен жол патрульдік полициясының арқасында бала ауыр зардаптардан құтылды.