Успенде сүт зауыты жылына жүз тоннадан астам сүт өңдейді

Успенде сүт зауыты жылына жүз тоннадан астам сүт өңдейді
Фото: Константин Шелков

Мұнда неміс және адыгей ірімшігі, сүт, айран және сары май өндіріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Успен ауданына жұмыс сапары барысында Равнополь ауылындағы кәсіпкердің жұмысымен танысты.

«РЕГТайм» шаруа қожалығының басшысы Эвальд Руффтың айтуынша, алғашқы жылдары сұраныс ұсыныстан асып, табиғи өнімдер жақсы сатылған. Ірімшіктер Өскемен, Қарағанды, Астана қалаларына жеткізілген. Өндіріс дамып, өнім түрлері кеңейген.

– Уақыт өте келе шетелден әкелінетін ақуыз-майлы өнімдер пайда болды. Олар пальма майы мен сүт майын алмастырғыштардан жасалады әрі арзанырақ. Ал біздің өнім табиғи болғандықтан, өзіндік құны жоғары, – дейді кәсіпкер. – Біз өзіміздің жоғары сапалы сүтті пайдаланамыз, оның майлылығы 3,5-3,7 пайыз. Зауыт тәулігіне 10 тоннаға дейін сүт өңдей алады. Осындай сүттен нағыз, сары түсті, қоспасыз сары май өндіріледі.

Қатты ірімшіктер – шаруашылықтың ерекше мақтанышы. Ірімшік парафин-балауыз қоспасымен қапталады. Қалыпқа салынғаннан кейін ол кептіру кезеңінен өтеді – шамамен 17 пайыз ылғалын жоғалтады. Орташа есеппен 40 күнде пісіп-жетіледі (кейде ашытқысына байланысты 21-30 күн). Бір килограмм ірімшік өндіру үшін 12 литр сүт қажет, бұл оның өзіндік құнының жоғары болуына әсер етеді. Бұған электр энергиясы және басқа да шығындар қосылады.

Табиғи ірімшіктің бағасы бір килограмына 3 500-3 700 теңгеге дейін жетеді. Ал нарықтағы арзан баламалары екі мың теңгеге дейін сатылып, сұранысты төмендетіп отыр. Сатып алушылар көбіне «арзанырақ» өнім сұрайды, бірақ ірімшік пен ірімшік өнімінің айырмашылығын әрдайым түсіне бермейді.

Эвальд Руфф негізгі мәселе ретінде кадр тапшылығын атады. Қолданыстағы жабдық заманауи әрі күрделі, алайда ауылда білікті мамандар тапшы. Кез келген технологиялық қателік – тонналаған сүттің шығынға ұшырауы деген сөз.

Ірімшік өндіруші өнім өткізу нарығын кеңейту және қайта өңдеушілерге қолдау көрсету арқылы табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерінің баға қысымына төтеп беріп, нарықтағы орнын сақтап қалуға болады деп есептейді.