Заңсыз ойын бизнесі: Павлодарлық полицейлер жүзден аса сайтты бұғаттады
Сайттар күнделікті түрде шетелде, жалпы республика бойынша тіркеліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысы орынбасарының м.а. Жоламан Қиналбеков мәлім етті.
– Бұрын қалада жасыл, сары ойын ойнайтын терминалдар, лото-клубтар болып еді. Енді биыл ақпаннан бастап олардың барлығы жабылды. Интернет казино сайттары да көбейіп кетті. Былтыр біздің департамент осындай 600 сайтты анықтады. Олардың жартысынан көбі бұғатталды. Ал жыл басынан бері 100 сайт анықталды. Тек Павлодар облысы бойынша ғана емес, бүкіл елде тіркелген сайттарды іздейміз,– деді спикер.
Оның сөзінше, құмар ойын бизнесі ұйымдастырғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Егер табысы 1000 АЕК-тен асса, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған азамат ҚР ҚК-нің 307-бабы бойынша жазаланады.
– Соңғы жағдайды еске түсірсек, 2022 жылы покер клубының ұйымдастырушысы екі жылға сотталған болатын. Былтыр осындай фактілер тіркелмеген, – деп атап өтті ол.
Айта кетейік, облыс аймағында заңсыз казино мен лотерея клубының жұмыс істеп жатқаны туралы Telegram каналындағы арнайы @afm_insider_bot чат-ботына жасырын түрде хабарлауға болады. Не болмаса департаменттің 61-33-05 телефон нөмірі арқылы қоңырау шалуға болады.