Жүрегі жылы жандар: Павлодарда «Қамқоршылар күні» аталып өтті
Жиынға қамқоршылар, балалар үйінің түлектері және әлеуметтік серіктестер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста білім беру басқармасының ұйымдастыруымен ерекше мейірім мен ізгілікке толы мереке – «Қамқоршылар күні» аталып өтті. Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова барша қатысушыларды мерекемен құттықтап, олардың еңбегі үшін алғысын білдірді.
– Сіздер бүгінгі күннің батырысыздар. Қорғансыз қалған балаларға пана болып, қамқорсыз қалған балаларға жанашыр болып, анасыз қалған балаларға ана болып, әкесіз қалған балаларға әке болып, жылы жүректеріңізді сыйлап отырсыздар. Бұл үлгі тұтатын үлкен миссия деп ойлаймын, – деді ол.
Жиын соңында барлық қатысушыларға аймақ басшысының атынан Алғыс хаттар мен гүл шоқтары табысталды.
Қазіргі таңда облыста ата-анасының қамқорлығынсыз және жетім қалған мыңнан астам бала бар. Оның ішінде мыңға жуығы балаға қамқоршы, ал алпысқа жуығы балаға патронаттық тәрбиеші бекітілген.
Айта кетейік, өткен жылы «Неке және отбасы туралы» кодексі жаңа «Баланы қабылдайтын кәсіби отбасы» тарауымен толықтырылды. Бұл заң биылғы бірінші шілдеден бастап күшіне еніп, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау мен тәрбиелеудің жаңа жүйесін қалыптастыруға бағытталған.