Асайын Байханов Баянауылдағы салынып жатқан жол мен мәдениет үйін сынға алды
Облыс әкімі мердігерлерге жұмысты бәсеңдетпей, ескертулерді жоюды тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданындағы барған жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Асайын Байханов бірнеше ауылды аралап шықты.
Аймақ басшысы ең алдымен аудандық маңызы бар «Баянауыл-Угольное» автожолын жөндеу барысын тексерді. Бұрын бұл жол апатты жағдайда болған әрі оған ондаған жылдар бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
Мұнда барлығы 43 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 33,5 км асфальт бетон жабыны төселген. Жұмыстарды тамыз айының соңына дейін толық аяқтау жоспарлануда.
Сондай-ақ, өңір басшысы Лекер ауылында су құбырының құрылысына барды, оны биыл қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта су желісін тарту, үйлерге жеткізу, жабдықты орнату жұмыстары жүргізілуде.
Ақсан ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылу барысын тексергеннен кейін облыс әкімі көше жарығын орнату кезіндегі оң динамиканы атап өтті. Мектепті күрделі жөндеу жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Асайын Байханов мердігерге жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді және барлық негізгі жұмыстарды осы жылдың 20 тамызына дейінгі мерзімде жүргізуді тапсырды.
Бұл ретте тағы екі нысандағы жұмыстар сынға алынды. Олар: кентішілік жолдар мен Мәдениет үйі ғимаратын жөндеу. Өңір басшысы мердігерлерге барлық ескертулерді жоюды және өз міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Қаражар ауылында әкім жаңа мектеп құрылысының барысын тексерді. Апаттық мектептің орнына мұнда спорт залы, шағын орталық, асхана және жуынатын бөлмелері бар кең екі қабатты ғимарат салынуда. Қазір жалпы құрылыс жұмыстары 85 %-ға орындалып, мердігер шатырды жабуға кірісуде, одан кейін іргелес аумақты безендіру және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Инвестор оқу жылының екінші тоқсанының басына дейін құрылысты толығымен аяқтауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Асайын Байханов Баянауыл ауылындағы шаңғы-роллер трассасының жобасымен танысты. Жоба бойынша жасыл желектерге зиян келтірместен спортшылар үшін 2,5 км трасса салу көзделіп отыр. Жоба іске асырылған жағдайда жаңа нысан спортшылар мен қысқы спорт түрлерінің әуесқойларының сүйікті орнына айналады, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады және Баянауылдағы қысқы туризмге серпін береді. Облыс әкімі жобаны ауданның жергілікті тұрғындарымен және кәсіпкерлерімен міндетті түрде талқылауды тапсырды.
Фото: Валерий Бугаев