Асайын Байханов жұмыс сапарымен Қытайға барды

Асайын Байханов жұмыс сапарымен Қытайға барды
Фото: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Аймақ басшысы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Үрімші қаласындағы «East Hope Group» компаниясының «Алты аңғар» өнеркәсіптік паркінде болды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Үрімші қаласындағы «East Hope Group» компаниясының «Алты аңғар» өнеркәсіптік паркінде болды. Поликремний, графит және электролиттік алюминийді әлемдік деңгейде өндіретін EHG компаниясы 2010 жылдан бастап Гоби шөлінде интеграцияланған төмен көміртекті өнеркәсіп паркін салуға шамамен 12 млрд доллар инвестиция құйды. Нысанда 11 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Сапар барысында Асайын Байханов «East Hope Group» бас директоры Мэн Чанцзюнь мырзамен кездесті. Кездесуде тараптар алюминий өндірісінің, көмір, жел электр станциясының бірқатар ірі жобаларын кезең-кезеңімен іске асыруды, Павлодар облысында көмір химиясын дамыту мүмкіндігін талқылады. Бұл жобаларға салынатын инвестициялардың жалпы көлемі шамамен бес миллиард АҚШ долларын құрауы мүмкін және төрт мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Осындай ауқымды көмір-химиялық кластерді іске асыру экономикалық өсу көрсеткіштерін екі есеге арттыруға, дайын өнімнің экспортын бірнеше есе арттыруға және барлық деңгейдегі бюджеттерге түсетін салық мөлшерін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қытай аймақтың ең ірі сауда серіктесі болып табылады. Бүгінгі таңда өңірдің сыртқы сауда көлемінің 54%-ы ҚХР-ға тиесілі, бұл ретте аталмыш көрсеткіш 2024 жылдың қорытындысы бойынша 14,2%-ға өсті.