Ауыл мәселелері: Баянауыл ауданының әкімі тұрғындармен кездесті

Ауыл мәселелері: Баянауыл ауданының әкімі тұрғындармен кездесті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Азаматтарды қабылдау аудан әкімдігінде өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудан әкімі Ардақ Кісентаев Instagram парақшасында жазғанындай, Сұлужон ауылынан келген тұрғындар биыл облыс әкімінің қолдауымен ауылға апаратын аудандық маңызы бар жол жөнделгеніне және сапалы ауызсумен қамтылғанына ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар, халық Екібастұзға дейінгі автожолды жөндеуді сұрады. Азаматтарға алдымен ауданға тиесілі учаскені заңдастыру қажеттігі түсіндірілді, содан кейін ғана тиісті жұмыстар жоспарланатыны айтылды.

Ауыр жүк көліктерінің қозғалысы жолға зиян келтіретініне алаңдаған тұрғындардың өтініші бойынша аудандық полиция бөлімінің басшысына арнайы рейд жүргізу тапсырылды.

Майқайың кентінің әкіміне ауыл ішіне жарық бағандарын орнату, футбол алаңын салу, балалар алаңы мен балабақшаны жөндеу бойынша жоба дайындау міндеттелді.

Ауылдың өзекті мәселелерінің бірі – медбикенің жоқтығы. Қазір Сұлужонға Майқайың кентінен бекітілген кесте бойынша медбике барып жүр. Аудандық аурухана басшысына кестені қайта қарап, бару жиілігін арттыру тапсырылды.

Ұялы байланыс бағанын орнату мәселесі келер жылы қаралатын болды.