«Богатырь Көмір» жаңа жобалар арқылы өндірісті ұлғайтпақ
Оған кеншілер шаһарында бой көтеріп жатқан жаңа электр станцияларының құрылысы себеп, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Еліміздегі көмір өндірісінің шамамен 38 пайызын қамтамасыз ететін кәсіпорынның бүгінгі жай-күйімен разрезді аралау барысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев танысты.

«Богатырь Көмір» ЖШС бас директорының орынбасары Сергей Усиктің айтуынша, кәсіпорында өндірілетін көмірдің 77 пайызы ішкі нарыққа жеткізіледі, ал қалған бөлігі көршілес шетел мемлекеттеріне экспортталады.
– Көмір саласын дамытудың 2032 жылға дейінгі ұлттық жоспарына сәйкес, өндіріс көлемін 58,5 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Бұл өсім жаңа энергетикалық нысандардың іске қосылуымен байланысты. Атап айтқанда, Екібастұз ГРЭС-3 станциясының құрылысы, Екібастұз ГРЭС-2-нің үшінші және төртінші энергоблоктарының құрылысының аяқталуы, сондай-ақ Көкшетау жылу электр орталығының салынуы жоспарланған. Осы жобалардың жүзеге асуы Екібастұз көміріне жыл сайын қосымша 14,5 миллион тонна сұраныс қалыптастырады, – деді ол.
Өндіріс көлемін 2032 жылға дейін ұлғайту үшін жалпы құны 360 миллиард теңгені құрайтын кешенді даму жоспары әзірленген. Оның 132 миллиард теңгесі өндірісті жаңғыртуға, жаңа карьерлік автосамосвалдар, экскаваторлар, бульдозерлер және өзге де тау-кен техникасын сатып алуға, сондай-ақ заманауи технологияларды енгізуге бағытталады.

Техникалық паркті жаңартумен қатар, кәсіпорын өндірістік инфрақұрылымды дамытуды да жалғастырады. Атап айтқанда, «Северный» разрезінде циклдік-ағындық технология салу жоспарланып отыр. Бұл аршынды жұмыстар көлемін арттырып, жоспарланған көмір өндіру көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорынға сапар қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыру көмір саласының тұрақты дамуына жағдай жасаумен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті.

Осыған байланысты ол кәсіпорын басшылығына уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәсіпорындардың тұрақты жұмысын және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында баға саясатын жетілдіру мәселесін пысықтауды тапсырды.