Екібастұзда оңтүстіккореялық жоба бойынша ферроқорытпа өндірісі іске қосылады

Екібастұзда оңтүстіккореялық жоба бойынша ферроқорытпа өндірісі іске қосылады
Фото: Константин Шелков

Жобаның құны 208 миллиард теңгені құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кәсіпорын алғашқы ферроқорытпа балқытуды 2027 жылдың бірінші тоқсанында жүзеге асыруды жоспарлап отыр. 

Жаңа жобаның іске асырылу барысымен Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев танысты. 

«Mineral Product International» ЖШС-нің даму жөніндегі директоры Дин Кимнің айтуынша, кәсіпорын құрылысы аяқталу кезеңіне жақындаған. Технологиялық жабдықтар толық сатып алынып, құрылыс-монтаж жұмыстары орындалған. 2026 жылы сыртқы инженерлік инфрақұрылымды қосу жұмыстары аяқталады.

– Жыл соңында іске қосу-баптау жұмыстары басталады. Жоспарланған мерзімдерден кешігу болмайды, – деді Дин Ким.

Жобаның жалпы құны 208 миллиард теңгені құрайды. Қаржыландыру компанияның меншікті және қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.

Өндірістің бірінші кезеңі іске қосылғаннан кейін компания жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруға кіріспек.

Дин Кимнің айтуынша, кәсіпорын халықаралық экологиялық стандарттарға сай жобаланған. Өндіріс үдерістерінің жоғары деңгейде автоматтандырылуы өнім сапасына адам факторының ықпалын барынша азайтады. Ал жобаның технологиялық серіктесі – экспортқа бағытталған ферроқорытпа өндірісі кезінде көміртегі шығарындыларын төмендетуге арналған инженерлік шешімдерді әзірлеген Оңтүстік Кореяның компаниясы. 

Өнімнің негізгі өткізу нарықтары Еуропа, Азия және АҚШ елдері болады. Қазіргі уақытта компания шетелдік әлеуетті тапсырыс берушілермен келіссөздер жүргізіп, болашақ келісімшарттар қоржынын қалыптастыруда.

Кәсіпорындар толық жобалық қуатына шыққаннан кейін Екібастұзда жыл сайын 460 мың тоннаға жуық ферроқорытпа өндіріледі.

Жоба таныстырылымының қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев оның металлургия саласы мен елдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытудағы маңызын жоғары бағалады. Оның айтуынша, заманауи ферроқорытпа өндірістерінің іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін ұлғайтуға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары кәсіпорынның белгіленген мерзімде пайдалануға берілетініне сенім білдіріп, жобаның табысты жүзеге асуына тілектестік білдірді.