Екібастұзда тәртіп сақшысы грэпплингтен алтын жүлдеге ие болды
Турнирге көптеген чемпиондар, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері де қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз қаласында грэпплингтен «Ekibastuz open» турнирі өтіп, оған полиция қызметкерлері де қатысты. Әсерлі ойын нәтижесінде 77 келі салмақ дәрежесінде 1-ші жүлделі орынға Павлодар қаласы ПБ Оңтүстік полиция бөлімінің бастығы Нұриман Валеев ие болды.
Нұриман Валеевтің айтуынша, ол бала кезінен спортқа құмар. Бүгінде ол бразилиялық джиу-джитсудан күлгін белбеу иегері, 25-тен астам жарысқа қатысқан, 24 алтын және күміс медальдары бар.
– Грэпплинг – ММА-ның негізі және өте кең таралған спорт түрі. Осы спорт түрі біздің құрылымымызда да кеңінен қолданылғанын қалаймын, – дейді Нұриман Валеев
Оның соңғы жетістіктерінің бірі ММА-дан облыс чемпионы атағы және облыс тарихында «Қоян-қолтық ұрыстан» чемпион атанған алғашқы Полиция бөлімінің бастығы болды.