Екібастұзда жедел жәрдем қосалқы станциясындағы симуляциялық оқу бөлмесі ашылды
Ол арнайы жаттығу құрылғыларымен жабдықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жаңа оқу орталығы екібастұздық медицина қызметкерлеріне жұмыс үдерісінен қол үзбей, білімдерін жаңартуға және жүрек-өкпе реанимациясы мен шұғыл көмек көрсету дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Екібастұздағы «103» қызмет қосалқы станциясында өз симуляциялық оқу бөлмесі бір ай бұрын іске қосылды. Ол шұғыл көмек көрсетуге қажетті теориялық және практикалық дағдыларды пысықтауға арналған заманауи манекендермен және тренажерлармен жабдықталды. Мысалы, көктамырішілік инъекция жасау, трахеяны интубациялау немесе босандыру. Жаңа оқу орталығындағы сабақтар, әсіресе жас мамандарға, шақыру кезінде әрекеттерін автоматизмге дейін жеткізуге көмектеседі.
– Әрбір қызметкеріміз мұндай оқытудан міндетті түрде өтуі тиіс, онсыз ешкімді желіге жұмысқа жібермейміз, – дейді «103» қызмет қосалқы станциясының меңгерушісі Гүлназ Латыпова. – Біліктілікті арттыру және білімді жаңарту тәжірибелі медицина қызметкерлері үшін де маңызды. Осылайша біз халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасына кепілдік бере аламыз.
Орта есеппен Екібастұз жедел жәрдем қосалқы станциясы тәулігіне 120–140 шақырту орындайды. Эпидмаусымда бұл көрсеткіш 170–190-ға дейін жетеді. Сондықтан жергілікті медицина қызметкерлеріне негізгі симуляциялық оқу бөлмесі орналасқан Павлодарға шықпай-ақ оқудан өту ыңғайлырақ.

Павлодар облысында жедел жәрдем қызметкерлерін үздіксіз оқыту жүйесі 2011 жылы енгізілді. Осыған байланысты 103» қызметтің өңірлік станциясы Қазақстандағы ең үздік қызметтердің бірі болып саналады. Биыл қайта тірілту сәттілігі көрсеткіші шамамен 85%-ға жетті – 20 реанимация жағдайының 17-сінде адамдар аман қалып, стационардан шығарылды.
– Медицина бір орында тұрмайды, шұғыл көмек көрсету саласына да жаңа технологиялар енгізіліп жатыр, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Біздің барлық қызметкерлер халықаралық стандарттар бойынша оқытылады: базалық және кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы, жарақат кезіндегі көмек. Біз Қазақстанның медициналық университеттерінен сертификатталған тренерлерді шақырамыз. Бұл медицина қызметкерлеріне кәсіби өсіп, жұмысты жедел әрі сапалы орындауға мүмкіндік береді.
«103» қызмет алғашқы көмек көрсету дағдыларын азаматтық халық арасында да оқытуға ерекше назар аударады. Дүниежүзілік статистика бойынша, зардап шеккендердің 50%-ға жуығын оқиға орнында дер кезінде көмек көрсетілген жағдайда құтқаруға болар еді. Жедел жәрдемнің симуляциялық оқу бөлмесі базасында 13 мыңға жуық адам оқытылды, олардың қатарында полицейлер, жоғарғы сынып оқушылары және адамдар көп жиналатын ұйымдардың қызметкерлері бар. Курстар қан кетулер, тырысулар, тыныс жолдарына бөгде зат түсу жағдайларындағы іс-қимыл дағдыларын қамтиды. Негізгі қағида – шұғыл жағдайда абдырамау және әрекет алгоритмін нақты орындау.