Генетикалық егіздерін іздейтін павлодарлықтар көбеюде

Генетикалық егіздерін іздейтін павлодарлықтар көбеюде
Фото: pixabay/Annett_Klingner

Трансплантацияға мұқтаж жандарға өмір сыйлауға дайын еріктілер саны артып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сүйек кемігінің донорлары күні жыл сайын қыркүйектің үшінші сенбісінде атап өтіледі. 2025 жылы бұл күн 20 қыркүйекке сәйкес келді.

Еріктілердің қатарында Ertis телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі Дария Жұмабекова. Ол бұрыннан тұрақты қан доноры болып келеді, ал бұл жолы гемопоэтикалық бағаналы жасушалар донорларының ұлттық регистріне қосылуға бел буды. Бұл шешімге тек жеке оқиға ғана емес, өзгелерге көмектесуге деген шынайы ниет себеп болды.

– Менің әжем тұрақты қан доноры болған. Бірде ол жаңа туған жиенінің өмірін тікелей қан құю арқылы сақтап қалған. Осы сәттен бастап донорлық оның өмірінің бір бөлігіне айналды деп ойлаймын. Кейін анам бұл жолды жалғастырды. Дәл анам маған бірге қан тапсыруды ұсынды. Бұл шамамен 15 жыл бұрын болды, содан бері мен мүмкіндігінше тұрақты түрде қан тапсырып келемін. Жиі мені тікелей орталықтан шақырады, әсіресе төртінші оң резус тобы қажет болғанда, – дейді Дария.

Кейін сүйек кемігі жасушалары донорлығы туралы сюжет түсіру кезінде Дария бұл процедура туралы толығырақ білді. Павлодардағы Қан орталығында оған бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Ал бір жылдан кейін ол сүйек кемігі донорларының тізіміне енді. Регистрге жылына екі рет, яғни арнайы науқан кезінде ғана қосылуға болады, Дария бұл ақпаратты арнайы бақылап отырған.

– Тіркеу процедурасы кәдімгі қан тапсыруға ұқсайды: шынтақ күре тамырынан шамамен тоғыз миллилитр қан алынады. Арнайы дайындық қажет емес. Реципиентпен сәйкестік бір айдан кейін де, он жылдан кейін де анықталуы мүмкін — тіпті мүлде болмауы да ықтимал. Бірақ регистрге қосылған әр адам біреудің өмірін сақтап қалу мүмкіндігін арттырады, – дейді Дария.

Ол біреудің өмірін сақтап қалу мүмкіндігі туралы ойдың өзінен шабыт алатынын мойындайды. Дария бұл шешімнің маңызын түсінеді, сондықтан тіркеу алдында мамандар бірнеше рет оның бұл қадамға қаншалықты саналы түрде келгенін нақтылады.

Журналист сүйек кемігі донорлығына қатысты кең таралған мифтер туралы да айтып берді.

– Көпшілік сүйек кемігін алу, бұл сүйектің бір бөлігін алып тастау деп ойлайды. Шын мәнінде, бұл процедура сүйек кемігі өндіретін бағаналы жасушаларды жинаумен байланысты. Олар қан айналымында жүреді және дәл сол қаннан алынады, – деп түсіндіреді Дария.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, генетикалық сәйкестік табылғаннан кейін де көптеген донорлар процесті соңына дейін жеткізуден бас тартады. Кейбіреулер жылдар бойы өз шешімін ұмытып кетеді, ал кейбіреулер қорқады. Осыған байланысты Қан орталығында жақында донорлармен кері байланыс орнату үшін арнайы байланыс желісі іске қосылды.

– Меніңше, ақпараттық жұмысты күшейту қажет. Адамдарға процедураның мәнін қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізу керек. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпараттар бұған үлес қосып, мифтер мен қорқыныштарды сейілтуге көмектеседі деп сенемін, – дейді Дария.

Бүгінде Павлодар облысында шамамен бес мың адам донор ретінде тіркелген. Республика көлемінде 13 мыңнан астам, және бұл база бүкіл әлем бойынша сәйкестік іздеуге мүмкіндік береді. Донорлар бұл шешімді саналы түрде қабылдайды, бірақ кейбіреулер нақты көмек көрсету сәті келгенде бас тартады. Өйткені көбіне қорқыныш немесе процедураны дұрыс түсінбеу себеп болады.

– Бұл генетикалық материалды «сүйектен алу» емес. Көпшілік солай ойлайды. Процедура кәдімгі қан тапсыруға ұқсайды, тек сәл ұзақтау – шамамен үш сағатқа созылады, – деп түсіндіреді мамандар.

Биыл Павлодар облысы республикалық регистрге 75 жаңа донорды жолдады. Регистр құрылған сәттен бастап өңірден 5 000-нан астам сауалнама жіберілген.