Павлодар облысында алаяқтардың жолы қалай кесілуде?

Павлодар облысында алаяқтардың жолы қалай кесілуде?
Фото: жасанды интеллект

Тәртіп сақшылары банктермен бірлесіп әрекет етуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста құқық қорғау органдары интернеттегі қылмыстардың алдын алу мақсатында қаржы ұйымдарымен бірлесіп, күмәнді ақша аударымдарын ерте анықтауға мүмкіндік беретін Anti-Fraud жүйесін пайдаланып келеді.

Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ризабек Жанаттың айтуынша, интернеттегі заңсыз әрекеттермен күресте басты міндет – күдіктіні ұстаумен ғана шектелмей, қаржының қылмыскерлердің қолына өтуіне жол бермеу.

– Уақыт – интернет-алаяқтықпен күрестегі ең маңызды факторлардың бірі. Егер жәбірленуші полицияға дереу хабарласса, күдікті шоттарды бұғаттап, қаражатты қайтару мүмкіндігі жоғары болады, – деді ол.

Anti-Fraud жүйесі Қазақстанда 2024 жылдан бері қолданылып келеді. Ол күмәнді қаржылық операцияларды анықтап, қажет болған жағдайда банк тарапынан оларды автоматты түрде тоқтатуға мүмкіндік береді. Мысалы, есепшотқа күмәнді ақша түсе бастаса, операция бұғатталуы мүмкін. Бұл жүйе заңсыз есірткі айналымына қатысты күмәнді төлемдерді анықтау үшін де пайдаланылады.

Қылмыс жасалғаннан кейін де аталған жүйенің мүмкіндігі маңызды. Егер жәбірленуші ақша аударылғанын растайтын чекті полицияға ұсынса, тиісті мәліметтер базаға енгізіліп, күмәнді шоттарды қысқа мерзімде бұғаттау мүмкіндігі қарастырылады. Кейбір жағдайларда қаражат аударымы дер кезінде тоқтатылып отырған. 

Жыл басынан бері азаматтарға 37 миллион теңге қайтарылған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 24 миллион теңгені құраған. Екі жыл ішінде қаржысын қайтаруға 100-ден астам адамға көмек көрсетілген.

Құқық қорғау органдары алдын алу шараларын да күшейтуде. Қызметкерлер тұрғын үйлер мен аулаларды аралап, қалада да, ауылдық елді мекендерде де түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Кондоминиумнің сервистік компанияларының өкілдерімен бірлесіп, тұрғындармен, соның ішінде зейнеткерлермен кездесулер ұйымдастырылады.

Ескертулер әлеуметтік желілердегі тәртіп сақшыларының профилактикалық арналары арқылы да таратылады. Мемлекеттік мекемелермен, медициналық ұйымдармен және білім беру саласындағы ұйымдармен бірлескен шаралар өткізілуде.

Сонымен қатар, интернет қылмыскерлері дропперлерді пайдаланудың жаңа жолдарын іздеуде. Қазақстанда мұндай әрекетке жауапкершілік күшейгеннен кейін, қылмыстық топтар қаражатты елден шығару үшін шетел азаматтарын тарта бастаған. Өзбекстан, Түрікменстан, Грузия және басқа мемлекеттермен байланысты қаржылық операциялар анықталған.

Дропперлер – өздерінің банк картасын немесе есепшотын басқа адамдарға беріп, қылмыстық жолмен алынған қаражатты қабылдауға әрі оны әрі қарай аударуға мүмкіндік беретін тұлғалар.

Қазақстанда өткен жылдың 16 қыркүйегінен бастап мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жаза бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтиды.

Павлодарда банк қызметкерлері егде жастағы әйелдің Грузияға күмәнді ақша аударуға әрекет жасағанын байқап, полицияға хабарлаған. Тәртіп сақшылары азаматпен сөйлесіп, аударымның себебін анықтаған. Осындай жедел әрекеттің арқасында аптасына орта есеппен екі-үш қаржылық алаяқтық әрекеттің жолы кесіледі.

Полиция жастарға да ерекше назар аударып отыр. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты мектептер мен білім беру ұйымдарында профилактикалық кездесулер өткізу жоспарланған. Мамандардың мақсаты – жасөспірімдерді интернеттегі қулықтардың құрбаны болудан ғана емес, өздерінің қылмыстық схемаға тартылып кетуінен де қорғау.

– Банк картаңызды немесе өз атыңызға ашылған есепшотты ешкімге бермеңіз. «Картаңды берсең, ақша төлеймін» немесе «шотыңа ақша түседі, басқа картаға аударып бересің» деген ұсыныстарға келіспеу керек. Бұл қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, – деді Ризабек Жанат.

Қазір алаяқтар бейнебайланысты да белсенді пайдаланады. Олар өзін банк, мемлекеттік орган немесе басқа да мекеме қызметкері ретінде таныстырып, азаматпен белгілі бір уақыт сөйлеседі. Кейін алынған бейнежазбаны банк жүйесіндегі тексеру немесе верификация кезінде пайдалануға тырысуы мүмкін. Осы тәсіл арқылы жәбірленушінің атына несие рәсімдеуге әрекет жасалады.

Сондықтан бейтаныс адамның талабымен бейнеқоңырауға қосылмау, жеке құжаттарды көрсетпеу, банк картасының деректерін, SMS-кодтарды және басқа да құпия ақпаратты жарияламау қажет.

Ризабек Жанаттың айтуынша, қылмыскерлер құқық қорғау органдары мен банктердің жұмыс тәсілдерін зерттеп, өз әдістерін үнемі жетілдіріп отырады. Дропперлерді анықтау қиындаған сайын, олар қаржыны шығарудың басқа жолдарын қарастыруда.

Әлеуметтік желілердегі түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тұрғындардың күмәнді ұсыныстарды ажырату дағдысы қалыптасып келеді. Дегенмен, сақтықты әлсіретуге болмайды.

Полиция азаматтарды күмәнді қоңырауларды бірден тоқтатып, бейтаныс адамдарға жеке мәліметтері мен банкке қатысты ақпаратты бермеуге шақырады. 

Егер қаржылық алаяқтыққа тап болғаныңызға күдік туындаса, уақыт жоғалтпай 102 нөміріне хабарласу қажет. Қаражат басқа есепшоттарға аударылып үлгермеген жағдайда, оны бұғаттап, иесіне қайтару мүмкіндігі жоғары болады.