Павлодар облысында күзге дейін ондаған ветеринарлық нысан пайдалануға беріледі
Өңірдегі эпизоотиялық ахуал тұрақты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, 2026 жылы ауыл шаруашылығы жануарларына 1,2 миллион диагностикалық зерттеу жүргізу және аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинацияны қоса алғанда алты миллионнан астам ветеринариялық манипуляция өткізу жоспарланған.
Өңірдегі ветеринария басқармасының басшысы Асылтас Тілеубаевтың айтуынша, 1 мамырдағы жағдай бойынша профилактикалық іс-шаралар жоспары 100 пайызға орындалған. Өңірге 2,9 миллионнан астам доза ветеринариялық препарат жеткізілді.
- Ресей Федерациясындағы күрделі эпизоотиялық жағдайға байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне ірі қара малдың аусыл ауруына қарсы 429 мыңнан астам доза вакцина сатып алуға өтінім жолданды. Бүгінгі күні облысқа 52 600 доза жеткізілді. Бұл препараттар шекара маңындағы буферлік аймақтағы ірі қараны вакцинациялау үшін пайдаланылады, - деді Асылтас Тілеубаев.

Вакцинация алты ауданның 79 елді мекенін қамтиды. Қазіргі уақытта 52 600 ветеринариялық манипуляция жүргізіліп, жоспардың осы кезеңі толық орындалды.
Ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жалпы құны 2 миллиард 376 миллион теңгені құрайтын 88 нысанды сатып алу көзделген. Оның ішінде үш ветеринариялық станция, 37 ветеринариялық пункт және 48 мал қорымы бар.
Қора және мал ұстайтын арнайы құрылғымен жабдықталған бір ветеринариялық станция мен ветеринариялық пункттің құны 30 миллион теңгені, ал бір мал қорымының құны 24,5 миллион теңгені құрайды.

Асылтас Тілеубаевтың айтуынша, Павлодар облысының қатал климаттық жағдайлары мен нысандардың елді мекендерден шалғай орналасуын ескере отырып, блок-модульдік құрылыстардың орнына күрделі ғимараттар салу туралы шешім қабылданған.
- Күрделі құрылыстың басты артықшылығы - ғимараттардың климаттық әсерлерге төзімділігі жоғары. Ветеринариялық станциялар Екібастұз қаласында, Баянауыл және Тереңкөл аудандарында салынып жатыр. Қорамен және арнайы құрылғымен жабдықталған ветеринариялық пункттер Павлодар және Ақсу қалаларын қоспағанда, облыстың барлық қала-аудандарында бой көтереді. Құрылыс жұмыстары Тереңкөл, Шарбақты және Ақтоғай аудандарында қарқынды жүріп жатыр. Бұл жерлерде іргетас құю аяқталып, қабырғаларды көтеру, жабын мен шатыр орнату, ішкі әрлеу және қора салу жұмыстары жалғасуда, - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, кеңесте ветеринариялық қызметтің автопаркін жаңарту мәселесі де талқыланды. Қазіргі уақытта 172 техника бірлігіне қажеттілік бар. Мәселені шешу жолдарының бірі ретінде автокөліктерді лизинг арқылы сатып алу қарастырылуда.
Кеңес қорытындысы бойынша Асайын Байханов қала және аудан әкімдеріне 1 шілдеге дейін ветеринариялық пункттер мен станцияларды пайдалануға беруді, ал 1 қыркүйекке дейін мал қорымдарының құрылысын аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ жыл соңына дейін 2027 жылға жоспарланған ветеринариялық нысандардың құрылысына арналған жер учаскелерін рәсімдеу қажет.