Павлодар облысында жөргектер шығаратын кәсіпорын құрылуы мүмкін

Павлодар облысында жөргектер шығаратын кәсіпорын құрылуы мүмкін
Фото: pexels.com

Аймақта балаларға арналған жөргектердің өндірісіне керекті шикізат материалдары бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бүгінде жаңа инвестицияларды тарта алатын 235 миллиард теңгеге 40 әлеуетті жоба бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Сағыныш Нүркімбаев мәлім етті. 

– Ондай жобалардың біріне тоқыма емес материал – спанбонд пен мельтблаун шығару. Олар жөргектер, гигиеналық заттарға пайдаланылады, – деді Сағыныш Нүркімбаев.

Оның сөзінше, Қазақстанда аталмыш өндіріс жоғары сұранысқа ие болады. 

– Орталық Азияда да мұндай кәсіпорындар жоқ. Жобаны Павлодарда іске асыру әлдеқайда тиімді болады. Себебі бізде негізгі шикізат – жоғары сұйықтықты қамтитын полипропилен біздің «Нефтехим ЛТД» компаниясында өндіріледі, – деп түсіндірді спикер. 

Жыл сайын Қазақстанға басқа елдерден 1,5 миллион АҚШ долларына 300 мың тонна жөргектер жеткізіледі. Спанбонд пен мельтблаун материалдары тек жөргектер үшін ғана емес, сонымен қатар ауа сүзгілер, дымқыл майлықтар, хирургиялық ота кезіндегі киілетін киімді шығару кезінде және 50-ден астам тауарда қолданылады. 

– Шетелдік инвесторларды іздеу үшін жоба «KazakhInvest»-ке жіберілді. Сондай-ақ, мамандар шетелдегі қазақстандық мекемелердің байланыс арналарын пайдаланады, – деп атап өтті Сағыныш Нүркімбаев.

Айта кетейік, 2023 жылдың нәтижелері бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 26%-ға өсті. Жыл басынан 180 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өңірде 100 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 91 жоба жүзеге асырылуда. Биыл өнеркәсіп саласында құны 106,7 миллиард теңгеге жеті жобаны іске асыру жоспарлануда.