Павлодар облысының «Супер келіні» анықталды

Павлодар облысының «Супер келіні» анықталды
Фото: автор

Павлодар облысында отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға бағытталған «Супер келін-2026» облыстық байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оған өңірдің 18 бен 35 жас аралығындағы жас келіндері қатысып, өздерінің білімін, өнерін, аспаздық шеберлігін және ұлттық дәстүрге деген құрметін көрсетті.

Байқаудың басты мақсаты – отбасы мәртебесін арттыру, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ұлттық салт-дәстүр мен рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу. Сонымен қатар, заманауи келіннің отбасындағы рөлін жаңа қырынан көрсету көзделді.

Байқау бес кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар бейнетаныстырылым арқылы өздерін, отбасын, қызметі мен қызығушылықтарын таныстырып, заманауи келіннің бейнесі туралы түсініктерін ортаға салды.

«Шебер келін» деп аталған екінші кезеңде қатысушылар үй тапсырмасы ретінде ұлттық тағам әзірлеп, оны қазылар алқасына таныстырды. Бұл кезеңде олардың аспаздық шеберлігімен қатар, ұлттық тағам дайындау дәстүрін қаншалықты меңгергені бағаланды.

Үшінші кезеңде қатысушылар қазақтың дәстүрлі шай рәсімін көрсетіп, бесбармаққа арналған қамырды жайды. Практикалық тапсырмалар олардың қонақжайлық мәдениеті мен тұрмыстық дағдыларын сынға салды.

– Қазір «жастар салт-дәстүрді білмейді» деп жиі айтамыз. Бірақ олар бізден көп білетін болып келе жатыр. Интернеттен іздеп, оқып алады. Ең бастысы – білгенін іс жүзінде қолдана білу. Жалпы, жастарға сеніміміз мол. Әулетті өсіретін де, өшіретін де – келін. Сондықтан оны мәпелеп, досындай көру, үйрету – әрбір ененің міндеті. Келін көре жүріп үйренеді. Сол себепті ақыл айта бергеннен гөрі, өз ісімізбен үлгі көрсетуіміз керек. Үлкенді қалай сыйлайтынымызды, отбасына қалай қарайтынымызды ісімізбен көрсетсек, келін де соны көріп, үйренеді, – дейді облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилова.

Төртінші кезеңде қатысушылар салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарға қатысты заттардың мән-мағынасын ашып, халық мақал-мәтелдері, отбасылық дәстүрлер, ұлттық тағам мәдениеті, етті мүшелеу және дәстүрлі түрде ұсыну тәртібі бойынша білімдерін сынады.

Ақсудан келген Мәншүк Әскербек үшін ұлттық дәстүр – күнделікті отбасы өмірінің ажырамас бөлігі.

– Үш балам бар, тұрмыс құрғаныма 12 жыл болды. Өзім шаңырақта кенже келін болғандықтан, ата-енеммен бірге тұрамыз. Қазақы салт-дәстүрді отбасымызда ұстануға тырысамыз. Қазақтың салт-дәстүрі – өмір бойы жалғасатын құндылық деп ойлаймын. Қолөнерді де жақсы көремін, бос уақытымда тігін тігіп, құрақ құрап тұрамын. Ет асу, жайма жаю да мен үшін таңсық емес, өйткені үйімізден қонақ үзілмейді, – дейді Мәншүк Әскербек.

Байқаудың бесінші, финалдық кезеңі «Өнер әлемінде» деп аталды. Қатысушылар ән айтып, би билеп, өлең оқып, музыкалық аспапта ойнап, өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Сайысқа қатысушылардың бірі – Павлодар қаласының 27 жастағы тұрғыны Марина Харчук. Қазақ ұлтының азаматына тұрмысқа шыққанына алты жыл болған жас келін үшін ұлттық құндылықтарды сақтау – отбасы тәрбиесінің маңызды бөлігі.

– Отбасымызда қазақтың салт-дәстүрін берік ұстануға тырысамыз. Үлкендерге сәлем беріп, ізет көрсету, қонақты құрметпен қарсы алып, төрге шығару – біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі. Ата-енеммен бірге тұратындықтан, үлкеннің батасын алып, олардың ақыл-кеңесін тыңдап, отбасылық құндылықтарды бойымызға сіңіріп келеміз. Меніңше, салт-дәстүрді білу – бір бөлек, оны күнделікті өмірде ұстанып, кейінгі ұрпаққа жеткізу – одан да маңызды. Осындай байқаулар арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп қана қоймай, өзіміз де білмейтін дүниелерді үйреніп, тәжірибе жинаймыз, – дейді Марина Харчук.

Бес кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпайды Ертіс ауданынан келген Бибігүл Иванова жинап, «Супер келін-2026» құрметті атағына ие болды. Жеңімпазға естелік диплом мен бағалы сыйлық табысталды.

Сонымен қатар, «Өнерлі келін-2026» және «Шебер келін-2026» арнайы номинацияларының иегерлері анықталып, дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Байқауға қатысқан барлық келіндерге ынталандыру сыйлықтары мен естелік дипломдар табысталды.