Павлодар облысының тұрғыны ресейлік танысынан үш миллион ұрлаған
Жағдай Астанада орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Polisia.kz ақпараттық медиа-порталдың мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елордалық жедел уәкілдер желілік полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, Астана теміржол вокзалында ірі ұрлық жасады деген күдікпен Павлодар облысының 21 жастағы тұрғынын ұстады.
– Жас жігіттің әлеуметтік желіде ресейлікпен танысқаны анықталды. Павлодарлық әлеуметтік желідегі досын Астанаға үйіне қонаққа шақырған. Бір күні шетелдік досының ұйықтап қалғанын пайдаланған жігіт ұялы телефонынан 3 миллион теңгеден астам ақша ұрлаған,– делінген хабарламада.
Ол 2 млн 400 мың теңгені букмекерлік кеңсеге аударып, қалған 760 мың теңгені иемденді. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктінің елорда аумағында бұрын жасалған осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.