Павлодарда қос мерекеде дүниеге келген сәбилердің тұсауы кесілді
Айтулы күнде дәстүр бойынша бүлдіршіндер қасиетті домбыраны таңдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардағы Достық үйінде Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне орай Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Тұсаукесер» рәсімі өтті. Салтанатты жиынның басты кейіпкерлері – өткен жылы мереке аясында дүниеге келген Ақжүніс Үмітбайқызы мен Мирон Белоусов.
«Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Аналар кеңесінің мүшесі Бақытжамал Максилова мен қоғам белсенділері іс-шараны ұйымдастырды. Ал облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко мерекеге қатысып, Аналар кеңесінің екі мүшесіне домбыра тарту етті. Сонымен қатар, бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар табысталды.

Бақытжамал Максилованың айтуынша, бұл бастама былтырғы дәстүрдің жалғасы болды.
- Бүгін бізде ерекше күн. Өткен жылы алтыншы шілдеде перзентханада дүниеге келген сәбилерді Ұлттық домбыра күнімен құттықтаған едік. Биыл сол балалардың тұсауын кесіп, Астана күнімен бірге қос мерекені атап өтуді жөн көрдік. Бұл балалар ертең елге қызмет ететін азамат пен азаматша болады деп сенеміз, – деді ол.

Ақжүністің әкесі Үмітбай Дәуітбекұлы қызының дәл осы күні дүниеге келуі бұл күнді отбасы үшін айрықша мерекеге айналдырғанын айтты.
- Ақжүніс былтыр осы күні дүниеге келген. Сондықтан, қос мерекені аналармен бірге атап өтуді жөн көрдік. Қызымыздың тұсауын «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилованың кескеніне өте қуаныштымыз. Біз балаға кітап пен домбыраның бірін таңдаттық. Ол домбыраны таңдады. Болашақта мықты күйші, әнші болады деп сенеміз, – деді ол.


Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бастамалардың маңызын атап өтті.
- Осындай маңызды іс-шаралар өңірімізде ұйымдастырылып жатқаны қуантарлық. Мұндай жиындар адамдарды біріктіріп, жас ұрпаққа өнеге көрсетеді. Бүгін Миронның тұсауын кесу маған бұйырыпты. Баламыздың өмір жолы әрдайым сәтті болып, елімізде бейбітшілік пен келісім салтанат құрсын, – деді Илья Теренченко.

Миронның анасы Екатерина Белоусова бұл рәсімге алғаш рет қатысып отырғандарын жеткізді.
- Өткен жылы Мирон дүниеге келгенде бізді перзентханада құттықтаған болатын. Биыл Домбыра күні мен Астана күніне орай ұлымыздың тұсаукесеріне шақырды. Қазақтың осы дәстүрінің мәнін алғаш рет жақыннан көрдік. Бүгінгі шарадан ерекше әсер алдық. Бізді шақырғандарыңыз үшін үлкен рақмет, – деді ол.
Тұсаукесер рәсімі барысында бүлдіршіндерге ақ жол тілеп, олардың болашағына қатысты ырымдық таңдау жасалды. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар ұлттық мұраны насихаттап, түрлі этнос өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретінін атап өтті.