Павлодарда әлеуметтік орталықта кімдерге көмек көрсетіледі?

Бүгінгі таңда орталықта 1019 қызмет алушыға қызмет көрсетіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығына көмекке мұқтаж жалғызбасты және жалғыз тұратын адамдар жүгінеді. Оларға азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу, дәрігерге бару, серуенге шығу сияқты қарапайым, бірақ өте маңызды көмек қажет.
– Әлеуметтік қызметкерлер қызмет алушылар үшін қамқорлықтың маңыздылығын түсіне отырып, өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды, – дейді Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде.
Айта кету керек, әлеуметтік қызметкердің қызметі тек жалғызілікті және жалғыз тұратын қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға ғана көрсетіледі. Қажетті құжаттардың тізбесі: жеке куәлік, зейнеткерлік куәлік немесе мүгедектігі туралы анықтама және медициналық карта.
Қызметті қалай алу керектігі туралы толық ақпаратты 8 (7182) 67-09-93, 65-34-82 телефондары немесе Ак. Шөкин көшесі, 29/1 үй мекенжайы бойынша алуға болады.