Павлодарда балаларға құқықтық мәдениет ойын арқылы түсіндірілді

Павлодарда балаларға құқықтық мәдениет ойын арқылы түсіндірілді
Фото: Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы

Орталық жағалауда отбасы форматындағы танымдық шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Орталық жағалауда «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында облыстық «Ертіс толқыны» жастар жобасының қолдауымен Шарбақты ауданының жастары «Тәртіпбек тәртіпке шақырады» атты отбасылық іс-шара ұйымдастырды.

Шара барысында балалардың сүйікті «Үш мысық» мультфильмінің кейіпкерлері бейнесіндегі еріктілер заңға бағыну мәдениеті мен салауатты өмір салтын насихаттайтын ойындар, спорттық эстафеталар және түрлі байқаулар өткізді.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, жоба балалар мен жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың жаңа форматына айналмақ.

– «Заң және тәртіп» қағидатын «Тәртіпбек» бейнесі арқылы насихаттау балалар мен жастарды құқықтық мәдениетті қалыптастыруға қызықты форматта тартуға мүмкіндік береді. Жалпы, Тәртіпбек құқықтық тәртіп марафонына айналып, облыстың барлық қала-ауданын қамтиды, – деді Жаннұр Ахметжанова.

Белсенді қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жоба алдағы уақытта өңірдің барлық қала және ауданында жалғасады.