Павлодарда интернет-алаяқтардың құрығына түсетіндер азаймай тұр

Павлодарда интернет-алаяқтардың құрығына түсетіндер азаймай тұр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері 80-ге жуық тұрғын интернет-алаяқтардың құрбаны болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірімізде жыл басынан тіркелген 121 алаяқтық фактінің 78-і интернет алаяқтыққа жатады. Осыған байланысты тәртіп сақшылары халық арасында профилактикалық жұмысты тұрақты негізде жүргізеді.

Қалалық полиция басқармасы мен «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері қалалық түсті металлургия колледжінде профилактикалық дәріс оқыды.

Кездесу барысында колледж студенттері мен оқытушыларына алаяқтық әрекеттер жасаудың негізгі тәсілдері мен қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат берілді. Мысалы, алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, қандай да бір әрекеттерді орындауды сұрайды немесе сіздің атыңыздан несиелер мен қарыздарды рәсімдеу бойынша әрекеттер жасалып жатқанын хабарлайды. Мұндай жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, банкке немесе 102 қызметіне қоңырау шалу қажет, – деді қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Арман Қаптаев.

Кездесу соңында дәріске қатысушыларға ешкімге өзінің дербес деректерін, соның ішінде банк картасының артқы жағындағы CVV-кодты, PIN-кодтарды және sms-хабарламалармен біржолғы кіру кодтарын бермеу туралы айтты, өйткені бұл ақпаратты алаяқтар пайдалана алады.